Түркістан облысында ылғалды көп қажет ететін дақылдарды егу лимиттері қайта қаралды. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Рухани астанада жиын өткізіп, вегетация кезеңіне дайындық мәселелерін талдады.
Жиынға Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, сондай-ақ жергілікті атқарушы орган өкілдері қатысты. Қатысушылар келесі жылға арналған трансшекаралық судың келу болжамын, су ресурстарын тиімді пайдалануды қамтамасыз ету шараларын талқылады. Шаруаларға су тапшылығы қаупін азайту үшін су үнемдеу технологияларын енгізу мен ылғалды көп қажет ететін дақылдарды азайту қажеттігі ұсынылды.
НҰРЖАН НҰРЖІГІТОВ, СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ
– «Келесі жылы судың жетіспеушілігі болжанып отыр. Бізде ауыл шаруашылығында суды бес облыс 98 пайызға пайдаланады. Сондықтан біз осындағы ауыл шаруашылығы өкілдерімен, атқарушы органдармен жолығып, дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.»
Айта кетейік, Ашхабадта өткен Орталық Азия елдерінің Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырысында келесі жылы су келу көлемінің азаюы туралы болжам жасалған болатын. Тоқтоғұл су қоймасының деңгейі рекордтық төмен көрсеткішке жету қаупі бар. Қазақстанның оңтүстігінде көктемнен бері жауын-шашын болмаған. Осыған байланысты, су үнемдеу технологияларын белсенді түрде енгізу және ылғалды көп қажет ететін дақылдарды егу лимиттерін қайта қарау күн тәртібіндегі өзекті мәселе болып отыр.
ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ, ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ
– «Вегетациялық кезең қолайсыздықтарына байланысты бірқатар күрделі жағдайлар болды. Бұл су ресурстарын тиімді пайдалануға ерекше назар аударуды қажет етіп отыр.»
Жаңа лимиттер келер жылғы вегетация кезеңінде күтілетін 10 млрд текше метр су көлемін ескере отырып жасалмақ. Лимиттердің сақталуы қатаң бақылауға алынады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәлімдеуінше, өңірдегі келесі вегетация кезеңінде күріш егілетін алқап көлемі 3,5 мың гектардан аспауға тиіс. Вице-премьер Ауыл шаруашылығы министрлігіне, Су ресурстары және ирригация министрлігіне, сондай-ақ Түркістан және Қызылорда облыстарының әкімдіктеріне арнайы жұмыс тобын құруды тапсырды. Олар екі аптаның ішінде облыстардағы су тұтыну лимиттерін анықтап, егіс алқаптарын соған сәйкес жоспарлауы тиіс.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
– «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ауыл шаруашылығы саласында су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу және халықтың табысын арттыру мақсатында “Ауыл аманаты” жобасын іске асыруды тапсырған болатын. Күн тәртібіндегі мәселе біз үшін өте маңызды. Нақты шаралар қабылдануда.»
Қанат Бозымбаев Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Достық» трансшекаралық каналы бойына күріш егуге тыйым салу ұсынысын қолдады. Күрішті тек «Қызылқұм» каналының бойындағы 3,5 мың гектар алқапта су үнемдеу технологияларын қолдана отырып өсіруге ғана рұқсат етілмек. Жиында саладағы өзге де өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.