Бүгін – прокуратура қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Құзырлы орган өкілдері талай жанның тағдырын таразылап, өңірдің әлеуметтік тынысын тұрақтандыруға үлес қосып келеді. Мерейлі мерекеде үшінші мегаполисте салтанатты жиын өтіп, сала үздіктері марапатталды.
Ерлан Сәдібеков талай жылдан бері прокуратура органдарында абыройлы қызмет атқарып келеді. Кәсібіне адал, парасат-пайымы биік азамат қаңтар оқиғасын мұқият саралап, әділ шешім шығаруға атсалысты. Міндетін мүлтіксіз орындағаны үшін бүгін «Мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталды.
ЕРЛАН СӘДІБЕКОВ, ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНДЫҚ ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Мен қаңтар оқиғасына қатысты қылмыстық істе прокурор болып жұмыс істедім. Алты ай бойы сотқа дейінгі тергеп-тексеру процесіне толық қатыстым. Ол жерде үгіттеумен барған азаматтар көп болды. Бір жағынан, жүрегің ауырады. Бірақ, заңды білмеген жауапкершіліктен босатпайды.
Салтанатты жиында қала прокуроры сала ардагерлері мен үздік мамандарды құттықтап, арнайы төсбелгі табыстады. Мерекелік шара ерекше форматта өтіп, құзырлы орган өкілдеріне концерттік бағдарлама ұсынылды.
ҒАБИТ МҰҚАНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ
Елде теңдесі жоқ жаңалықты енгіздік. Құзырлы орган өкілдерімен бірлесе отырып, арнайы меморандум түздік. Нәтижесінде, есірткі қылмысын – 3 сағатта, ал қылмыстық істі бір тәулік ішінде анықтайтын болдық.
Биыл жоғары қадағалау органының құрылғанына 34 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде прокуратура еліміздің құқықтық жүйесінің негізгі тірегіне айналып, заңды мүдделерді қорғау жолында талмай қызмет етіп келеді. Бұл игі істен шымкенттік прокурорлар да тыс қалған жоқ.
БЕРІК ЕРКІН, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ПРОКУРОРЫНЫҢ КӨМЕКШІСІ
Шымкент қаласының прокуратурасы арнайы екі жобаны жүзеге асырып келеді. Есірткі заттарынан түскен ақшаны шетел азаматтары алып отыр. Ал аталған жоба арқылы олардың жолына тосқауыл қойып, бұғаттай аламыз.
Елімізде жыл сайын прокурорлардың қатысуымен 30 мыңға жуық қылмыстық іс қаралады. Бұл көрсеткіш прокуратура органдарының жүктемесі мен атқарып отырған ауқымды жұмысының айқын дәлелі.