Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешені республикада ерекше орын алады. Еліміздегі жалпы өнім көлемінің 13%-ы өңірге тиесілі. Ал өндірілген өнімнің басымы тамшылатып суару технологиясымен жүзеге асырылуда. Ауыл шаруашылығы саласындағы атқарылып жатқан жұмыстармен облысқа іссапармен келген ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев танысып, арнайы жиын өткізді.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Түркістан облысында жұмыс сапары барысында алдағы вегетациялық кезеңге дайындық барысы және ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарын әртараптандыру мәселесі бойынша мәжіліс өткізді. Сонымен бірге «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысы да талқыланды. Ал облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков ауыл шаруашылығы саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
НҰРБОЛ ТҰРАШБЕКОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Облыстағы суармалы жерлердің көлемі 556 мың гектар болса, соның 356 мыңы трансшекаралық өзендерге тәуелді. Жаһандық жылынудың әсерінен келетін су көлемі жыл сайын азаюда. Ағымдағы жылы 3,2 млрд текшеметр ағынсу лимиті бекітіліп, нақты 2 млрд 852 млн текшеметр су босатылды. Олар Достық магистралды каналы, Үлкен Келес, Қызылқұм каналдары арқылы жеткізілді. Суармалы жерлердің тиімділігін арттыру және жалпы су шығынын азайту мақсатында су нысандарын қалыпқа келтіруге, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын енгізуге назар аударып отырмыз.
Мәжілісте Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірде су үнемдеу технологияларын енгізуге, өндіріс орындарын ашуға және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытына басымдық беріліп отырғанын атап өтті.
НҰРБОЛ ТҰРАШБЕКОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
2023–2025 жылдары “Ауыл аманаты” жобасын іске асыру үшін республикалық бюджеттен жалпы 30,2 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 2023 жылы 19,8 млрд теңге толық игерілсе, 2024 жылы 3,0 млрд теңге игерілді. 2025 жылға 7,4 млрд теңге қарастырылған. Аталған қаражат есебінен 6 бағыт бойынша 3 790 жоба қаржыландырылып, жалпы 25,6 млрд теңге несие берілді. Осы бағдарлама арқылы шағын кәсіпкерлік 3 662 бірлікке артты, 23,2 гектарға 477 жылыжай кешені салынды. Мал басы 72 982-ге ұлғайса, 39 қайта өңдеу кәсіпорны іске қосылды. 4 174 жаңа жұмыс орны ашылып, АӘК алушылар саны 441 адамға қысқарды.
Биыл 53,7 мың гектарға тамшылатып суару, 6,2 мың гектарға жаңбырлатып суару технологиясы қолданылып, жоспар 2 есе артық орындалды. Жалпы облыста 114 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізілді. Үнемделген су көлемі – 195 миллион текшеметр.