Түркістан облысында өңірдегі жолдардың қысқы кезеңге дайындығы тексерілді. Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері облыс әкімдігі және ТЖД-мен бірлесе отырып тексеріс жүргізді. Алдағы қысқы маусымға жол және коммуналдық техниканың дайындығына қатысты комиссиялық қадағалау жасады.

Тексеру барысында арнайы техниканың жай-күйіне, көктайғаққа қарсы материалдардың болуы мен қорларына, жылыту пункттерінің жұмыс істеуіне ерекше назар аударылды. Қар мен көктайғақ жағдайында автокөліктердің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету бойынша полиция мен жол қызметтері арасындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Қысқы кезеңге дайындық бойынша іс-шаралар кешенін іске асыру қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға, апаттарды азайтуға және жол қозғалысының барлық қатысушылары үшін қауіпсіз қозғалыс жағдайларын жасауға бағытталған. Өз кезегінде полиция облыс тұрғындары мен қонақтарына жолдарда сақ болуды ескертті. Жылдамдық режимін қатаң сақтау, ауа-райы жағдайын ескеру, ара қашықтықты сақтау және ұзақ сапарлар алдында көліктің техникалық жағдайын тексеру қажет. Жазғы дөңгелектерді қыс мезгіліне арналған дөңгелектерге ауыстыру да аса маңызды.