Шымкенттік ұстаздар жаратылыстану пәндерін оқытудағы зерттеу әдістері бойынша тәжірибе алмасты. Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда білім саласындағы өзекті мәселелер мен жаңашыл тәсілдер жөнінде құнды мәліметтер айтылды. Шараға еліміздің түрлі өңірлерінен жиналған ғалымдар, педагог-зерттеушілер, білім беру ұйымдарының өкілдері қатысып, өз тәжірибелерімен және авторлық әдістерімен бөлісті.


Конференция барысында жаратылыстану пәндерін оқытуда зерттеушілік бағытты күшейтудің тиімді жолдары талқыланды. Оқушылардың ғылыми ойлауын дамыту, тәжірибеге негізделген тапсырмалар дайындау, зертханалық жұмыстарды жетілдіру, STEM және STEAM технологияларын енгізу жөнінде мазмұнды баяндамалар ұсынылды.


ЖАНСҰЛУ НҰРЛЫБАЕВА, КОНФЕРЕНЦИЯҒА ҚАТЫСУШЫ
 Қазір әлем секунд сайын өзгеріп жатыр. Жастар дамып келеді, сол себепті түрлі тәжірибені алып отыруымыз керек.


Пленарлық және секциялық отырыстарда мұғалімдердің практикалық тәжірибесіне негізделген сәтті жобалар таныстырылды. Әсіресе оқушының қызығушылығына сүйене отырып, зерттеу дағдыларын қалыптастыру бағытындағы әдістемелік ұсыныстар ерекше әсер қалдырды.


 БИБІГҮЛ СЕБЕПБАЙ, КОНФЕРЕНЦИЯҒА ҚАТЫСУШЫ
Мен өз тәжірибемде қолданып жүрген технология арқылы сабақты интеграциялап оқыту әдісімді ұсындым.


Бұл конференция ұстаздардың кәсіби көкжиегін кеңейтіп, жаңа идеяларға жетелейді, – дейді ұйымдастырушылар. Алдағы уақытта алған білім мен ұсыныстарды өз тәжірибелерінде қолданып, оқыту үдерісін одан әрі жетілдіруге ынта береді.