Қазақ хореографиясының дамуына өлшеусіз үлес қосқан «Қазына» халықтық би ансамблі шығармашылық концертін өткізді. 35 жылдан астам тарихы бар би ұжымы 1,5 сағат бойы қазақ және ұлттық би түрлерін көрермен назарына ұсынды.


Ұлттық би мен заманауи сахналық қойылым үндескен кеш «Қанатты қазына» тақырыбымен өтті. «Қызғалдақ» сарайының сахнасында ұжымның толық құрамындағы 40-қа жуық биші ұлттық нақыштағы хореографиялық қойылымдарды кәсіби деңгейде орындады. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Зәуре Әжібекова.


САМАЛ АМАНГЕЛДІ, «ҚАЗЫНА» ХАЛЫҚ БИ АНСАМБЛІНІҢ ӘРТІСІ
Қазақ халқына қазақ билерінің қандай әдемі, көркем екендігін көрсеткіміз келеді. Концертті үш бөлімге бөлеміз. Бірінші — қазақ биі, екінші — халық билері және үшінші — эстрада жанры. Осылайша 1,5 сағаттық толыққанды концерт өткіземіз.


ЖАНЕРКЕ ЕРУБЕКОВА, «ҚАЗЫНА» ХАЛЫҚ БИ АНСАМБЛІНІҢ ӘРТІСІ
«Қазына» концертінің басты ерекшелігі — қазақ халық билерін дәріптеу және басқа ұлт билерін насихаттау. Тақырып «Қанатты қазына» болғандықтан, көптеген билер қанатқа, құсқа байланысты болып келеді.


Шығармашылық концерт аясында «Қазына» халық би ансамблінің тарихи сәттері бейнеленген фото көрме ұйымдастырылған. Бишілердің қойылымдарын «Шымкент концерт» ұйымының әртістері сүйемелдеді. Сондай-ақ этнофольклорлық ансамбльдер өнер көрсетті.


АЛМАШ ШАЙЗАДАЕВА, КӨРЕРМЕН
Өте керемет әсер алып жатырмын. Ұнап жатыр. Бәрі жоғары деңгейде. Бізге рухани шабыт беріп жатыр. Демалып жатырмыз.


«Қазына» халық би ансамблінің шығармашылық қорында 185-тен аса хореографиялық қойылым бар. Би ұжымының көркемдік деңгейі мен кәсіби даярлығы ел ішінде және шетелде жоғары бағаланады.