Мемлекет басшысының Жолдауын экономика саласында талқылау және түсіндіру жөнінде мемлекеттік басқармалардың қатысуымен арнайы кездесу өтті. Қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы ұйымдастырған шарада экономикалық саясаттың жаңа бағыттары, халықтың әл-ауқаты, жұмыс орындары, инвестициялар, цифрландыру, шағын және орта бизнеске қолдау мәселелері қозғалды.
Кездесуде мемлекеттік басқарма өкілдері Президенттің Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттарын талқылады. Басқармалар арасында бірге қарастыру, түсіндіру және іске асыру жолдары айқындалды.
ҚҰДІРЕТ ЖҮСІПОВ, ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ БЮДЖЕТТІК ЖОСПАРЛАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Биылғы Жолдауда тек қана цифрлық жүйені енгізу, жасанды интеллект емес, әр салаға қатысты нақты міндет қойылды. Өңдеу өнеркәсібінің көлемін арттыру, инвестиция тарту, әлеуметтік сала, адами капиталды дамыту мәселелері бар. Сол бойынша сіздерді жинап отырмыз. Негізгі мақсат – әр сала бойынша сіздерде жаңа бастамалар, ұсыныстар болса, соны ортаға салып талқылау.»
Инвестициялық саясат пен қаржы секторын дамыту — маңызды бағыттардың бірі. Соңғы 3 жылда қала экономикасына 2 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылып, жыл сайын 12–15 пайыз өсім көрсетуде. Жыл басынан бері инвестиция көлемі 585 млрд теңгеге жетті. Оның 73 пайызын жеке инвесторлар құрап отыр.
ЕРМЕК ТҰРМАНОВ, КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНДУСТРИАЛДЫ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Арнайы экономикалық аймақты субзона ретінде кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мемлекет басшысы айтқан аэрохабты дамыту мақсатында 204 гектар әуежай аймағы арнайы экономикалық аймақтың субзонасы ретінде анықталып, қаулы шығарылды. Қазір әлеуетті инвесторлар бар.»
Талқылау мегаполистің экономикалық дамуының басымдықтарын анықтап, барлық күштерді біріктіруге арналған маңызды алаң болды. Кездесу Жолдаудағы экономикалық реформаларды жүзеге асырудың нақты тетіктерін түсіндіруге бағытталды.