Қала әкімі Тұран тұрғын алабындағы Ақсүмбе көшесін Мұстафа Шоқай көшесінен Қожаберген жырау көшесіне дейін ұзарту барысымен танысты. Сондай-ақ, Ғабит Сыздықбеков халықаралық құрылыс компаниясы “Bazis-A” директорлар кеңесінің төрағасы Александр Беловичпен кездесті. Басқосуда Байдібек би даңғылы мен Төлеметов көшесінің қиылысында салынатын жолайрық құрылысына қатысты ауқымды инфрақұрылымдық жобаны талқылады.
Жолды ұзарту жобасы Бәйдібек би даңғылындағы көлік жүктемесін айтарлықтай азайтып, көлік инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұған қоса, иттерге азық шығаратын цехтың жұмысымен танысты. Компания басшылығы нарық сұранысына сай өнім түрін көбейту жоспары бойынша ақпарат берді. Тұран ауданында А-2 айналма жолын жаңғырту жұмысын да тексерді. Бұл жол Шымкентті елдің басқа өңірлерімен байланыстырып, жүк тасымалында маңызды рөл атқарады. Жауапты тұлғаларға барлық жұмыстың уақтылы аяқталуын қамтамасыз ету, жолдың сапасына бақылауды күшейту және бүкіл учаскеде қауіпсіз қозғалысты ұйымдастыруды тапсырды.
Қаланың қарқынды дамуы, көлік санының өсуі және жаңа тұрғын алаптардың құрылуы жол-көлік инфрақұрылымына жоғары талап қойып отыр. Бүгінде тек көшелерді жөндеумен шектелу жеткіліксіз. Көлік жүктемесін азайту, кептелісті болдырмау және жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жобаларды уақытылы жүзеге асыру аса маңызды. Байдібек би даңғылы мен Төлеметов көшесінің қиылысында салынатын жолайрық құрылысы барысында техникалық талаптар, қала құрылысы нормалары және көлік қозғалысын модельдеу нәтижелері ескеріледі. Құрылыс кезінде жол қозғалысы үзілмеуі тиіс. Сонымен қатар, барлық қатысушылар үшін ыңғайлы және қауіпсіз жағдай жасалады. Кездесу барысында барлық жауапты қызметтердің үйлесімді және кешенді жұмыс істеуінің маңыздылығы атап өтілді. Мұндай жобалар қаланың стратегиялық дамуына ғана емес, тұрғындардың өмір сапасына, экономикалық дамуына және мегаполистің болашақ өсіміне де тікелей әсер етеді.