Түркістан қаласында 570 орындық көпбейінді аурухана салынуда.  Өңірге ресми іс-сапармен келген ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев облыс әкімі Нұралхан Көшеровпен бірге әлеуметтік нысанның құрылыс алаңында болды. Олар мердігер компанияның өкілдерімен кездесіп, жобаға қатысты мәселелер мен жоспарды пысықтады.


 Қанат Бозымбаев жобаның стратегиялық маңыздылығын ескере отырып, құрылыс жұмыстарының сапасын қатаң бақылауды және барлық инженерлік инфрақұрылымды толық аяқтауды тапсырды. Ал, облыс басшысы Нұралхан Көшеров заманауи медициналық жабдықтармен қамту және кадр мәселесін алдын ала шешу қажет екенін атап өтті. Айта кетейік, бұл жоба түркиялық «YDA Group» компаниясының жеке бастамасы негізінде іске асырылып жатыр. Заманауи аурухана 15,6 гектар аумақта орналасқан. 7 қабатты ғимараттың жалпы ауданы – 83 мың шаршы метрден асады. Нысанды келесі жылы пайдалануға беру жоспарлануда. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 87 пайызы аяқталған.