Шымкентте оқушылар арасында республикалық айтыс өтті. «Мен елімді жырлаймын» атты жыр додасына еліміздің 14 өңірінен 16 жас ақын қатысып, өз өнерлерін көрсетті.
Жыр сайысы Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен оқушылар арасында айтыс өнерін дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды. Айтыс барысында жас дарындардың суырыпсалмалық қабілеті мен сөз саптауды терең игеруі көрермендердің де, төрелік еткендердің де жоғары бағасына ие болды.
Жас ақындардың өнерін бағалаған қазылар алқасына Құрмет орденінің иегері, республикалық айтыстардың жеңімпазы Серікзат Дүйсенғазы төрағалық етті. Сонымен қатар, қазылар қатарында белгілі айтыскер, ақындар Бекарыс Шойбеков, Жансая Мусина, Өміржан Көпбосынов және Анар Жаппарқұлова болды.
Жыр додасының жеңімпаздарына 1 млн мен 300 мың теңге арасында қаржылай сыйлықтар табысталды. Бас жүлдеге – Шымкент қаласынан Айша Бақтияр иеленсе, бірінші орын – Қостанайдан келген Нұрислам Рагатқа бұйырды. Екінші орынға – түркістандық ақын Мейіржан Болат пен астаналық - Айғаным Мақсұтқан тұрақтады. Ал, үшінші орынды – Шымкенттен Ислам Әли Біржанұлы, Қызылорда облысынан Шыңғысхан Қарынбай қанағат тұтты. Екі жас ақынға арнайы жүлделер табысталып, қалған сегіз жас ақынға ынталандыру сыйлықтары берілді.