Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков кезекті аралау барысында Тұран шағынауданындағы қуаттылығы 220/110/6 кВ “Қазығұрт” қосалқы станциясын кеңейту жобасымен танысты. Бұл жоба тұрғын алаптар мен әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын тұрақты және үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз етуге бағытталған болатын.


Әкім жоба бойынша энергия тұтыну көлемінің артуына байланысты жабдықтың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, жүктемеге бақылауды күшейту және техникалық қызмет көрсетуді уақтылы ұйымдастыру шараларын алдын ала қарастыруды тапсырды. Одан соң “Оңтүстік” арнайы экономикалық аймағында болды. Ол резиденттердің шикізаты мен дайын өнімін тиімді жеткізуге мүмкіндік беретін теміржол құрылысының барысын тексерді. Жұмыс барысын бақылаған қала басшысы мердігер ұйымға құрылысты белгіленген мерзімде аяқтау керек екенін ескертті. Сондай-ақ осы аумақтағы Мемлекеттік кірістер департаменті кеден бекетінің жұмысын да қарап шықты. Бұл нысан кедендік рәсімдердің ашық әрі жедел жүргізілуінде маңызды рөл атқаратынын ерекше атап өтті.


Аралау барысында қала басшысы Қаратау ауданында Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжінде болды. Осы оқу орны үшін салынып жатқан 300 орындық жатақхана құрылысын бақылады. Бұдан бөлек №109 жалпы орта мектеп ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу барысын тексеріп, құрылыс басқармасына жұмысты сапалы әрі уақытында аяқтау міндеті жүктеді. Ғабит Сыздықбеков Қаратау ауданы әкімдігі мен Мемлекеттік кірістер басқармасы орналасқан жаңа ғимаратына да барды. Онда қала басшысы мекемелердің жұмыс барысымен, тұрғындарды қабылдау жағдайымен және жұмыс бөлмелерінің техникалық жарақтандырылуымен танысты. Нысандарды аралау соңы А-2 айналма жолын қайта жаңарту, Малқаров, Юсупов, Алдияров және Жабаев көшелеріндегі жарықтандыру мен жол жөндеу барысын тексерумен аяқталды. Тексеру барысында Жауапты тұлғаларға жұмыс жүргізіліп жатқан аумақта бақылауды күшейтіп, орын алған кемшіліктерді жою міндетін жүктеді.