Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазығұрт ауданына жұмыс сапарымен барып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған мәжіліс өткізді. Кездесу барысында өңір басшысы ауданның ағымдағы дамуы мен алдағы жоспарлары бойынша нақты көрсеткіштерін саралап, аудан және ауыл округі әкімдеріне, басқарма басшыларына тапсырмалар берді.
Мәжілісте аудан әкімінің есебі мен басқарма басшыларының ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Ауданда өндірісті, туризмді, ауыл шаруашылығын дамыту және өзге де бағыттар бойынша нақты міндеттер жүктелді.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Қазығұрт ауданының орналасқан орны экономиканы, сауданы, өндірісті дамытуға өте қолайлы. Мұнда түрлі салада жаңа жобалар жүзеге асып, тіршілік қайнап жатуы керек. Ауданның әлеуеті жоғары. Өздеріңіз баяндаған инвестициялық жобаларды сапалы әрі уақтылы жүзеге асырыңыздар. Бұған жергілікті әкімдер, мәслихат депутаттары, басқарма басшылары бірлесе үлес қосулары керек
Айта кетейік, биылғы жартыжылдықта ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі 54,6 млрд теңгені құраған. Өнеркәсіп өнімінің көлемі бойынша да оң нәтижелер бар. 2024 жылы нақты көлем индексі 110,2%-ды құраса, 2025 жылдың алғашқы 6 айында бұл көрсеткіш 119,5% болып отыр.
Кездесу барысында инвестициялық ахуалға ерекше назар аударылды. Ауданда жалпы құны 21,1 млрд теңге болатын 24 инвестициялық жоба іске асырылуда. Аталған жобалардың нәтижесінде 749 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Оның ішінде 2025 жылы 7,9 млрд. теңгені құрайтын 18 инвестициялық жобаны іске асырып, 300-дей азамат екі қолға бір күрек ұстайды.