Абай мұрасы – халық даналығы. Дәл осы тақырып аясында Ұлы ақынның 180 жылдығына арналған Шымкентте әдеби кеш өтті. Бұл мерекелік іс-шара еліміздің барлық өңірінде бір мезетте ұйымдастырылды.


Әдеби кеште Абайдың әндері мен өлеңдерінен үзінділер орындалды. Сондай – ақ, көру қабілеті бұзылған балаларға арналған «Үміт» мектеп- интернатының 10 сынып оқушылары қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаған тұлғаның шығармашылығынан әдеби көріністер қойып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.


 Қазақтың ұлы ақыны, ағартушы, ойшыл, композитор Абай Құнанбаевты қай жағынан дәріптесек те артық етпейтіні анық. Кеште белгілі айтыскер ақын Нұрлан Есенқұлов Абайға арналған арнау өлеңін оқып, жүрек қылын тербетті.


Шара барысында Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған көрме ұйымдастырылып, ақын жайында жақында ғана жарыққа шыққан жаңа жинақ жайында айтылды. Құнды дүниенің тұсауы туған жерінде ақынның мерейтойы аясында кесілгелі отыр екен.


 Абай Құнанбаевтың рухани мұрасын дәріптеп, жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру мақсатында өткен шара дәстүрлі «Шымқала кештерімен» жалғасты. Бұл күні жергілікті тұрғындар Жастар театрының өнерін тамашалады.


 «Шымқала кештері» мәдени шарасы Орталық саябақпен қатар, Шымсити шағын ауданындағы демалыс аймағында да ұйымдастырылды. Онда қала тұрғындары әзіл – сықақ және сатира театр ұжымының концертін тамашалады.