17 жастағы бойжеткенді алып қашып, 14 жыл бойы ұрып-соққан. Шымкенттік келіншек күйеуінен қысым көріп, жылдар бойы таяқ жегенін айтады. Сөзінше, сүйіп-сенбей, танып-білмей қосылған қосағы жиі қол көтеріп, маза бермеген.
Салтанатты - 14 жыл бұрын алып қашқан. Ол кезде келіншектің жасы 17-де еді. Бастапқыда бөтен үйді жатсынып, қарсылық танытқан. Бейтаныс адамның дөрекі ұсынысын кері қайтарып, тұрмыс құруға келіспеген. Бірақ, ортаға жеңгетайлар түсіп, адам ұрлауды дәстүр деп түсіндірген. Табалдырық аттадың, кері қайтсаң қара бет боласың, жазмышқа көну қажет деп үгіттеген.
Содан бері 14 жыл өткен. Сөзінше, сынықтан сылтау іздеп, көрінгеннен қызғанатын күйеуі қит етсе ұрыс шығарып, төмпештеуін әдетке айналдырған. Салтанат оған төзбей, балаларын алып дағдарыс орталығына келген. Артынша жұбайы іздеп келіп, кешірім сұраған. Дөрекілікті доғарамын деп уәде берген. 6 перзенттің анасы баларардың әкесіз қалмауын ойлап, жұбайымен татуласқан. Бірақ, көп өтпей отағасы антынан айнып, ескі әдетіне басқан. Міне, шыдамы сарқылған келіншек 2 ай бұрын дағдарыс орталығына қайта келген. Сөзінше мұның бәрі сүйіп-сенбей, танып-білмей тұрмыс құрудың нәтижесі.
ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Мына қақпаны қағып, есікті ашу өте қиын іс әрі соңғы амал. Мен үшін емес, қосағынан қорлық көріп, тіреуінен таяқ жеген әйелдер үшін. Күйеуі күн бермей, барар жер басар тауы таусылған аналар амалдың жоқтығынан дағдарыс орталығына келіп күнелтеді. Дәл қазір мұнда шеттей балаларын жетекке алған 10-ға жуық ана бар. Өткен жылы 93, ал жыл басынан бері 44 ана келген. Орталық қызметкерінің айтуынша: басым бөлігі алып қашу құрбандары.
ҒАЛИЯ МУТАЛИЕВА, №3 ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕР КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
– «10 ананың 5-6 алып қашу құрбаны болып саналады.» «Зорлық-зомбылық бойынша келетін әйелдердің басым бөлігі алып қашу құрбандары деп айтсам болады. Екеуі жүріп, сүйіп қосылмаған соң ол отбасы әрине нық болмайды.»
Өзге біреуді алып қашып, тұрмыс құруға күштегендер 2 жылдан 10 жылға дейін сотталауы не 20 млн теңге айыппұл төлеуі мүмкін. Тәртіп сақшысы келісімсіз алып қашу дәстүр емес, қылмыс болып саналады дейді. Айтуынша, жуық арада адам ұрлау бабына НЕКЕ ҚИЯЮҒА МӘЖБҮРЛЕУ бабы қосылып, қолданысқа енеді.
ИСФАНДИЯР ҚҰРАЛБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ПД ТЕРГЕУ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
– «Аталған баб үш бөліктен тұрады. Бірінші бөлігінде бірінші бөлігінде үйлену мақсатында адамды ұрлап кету.» «200 АЕК салынады немесе қоғамдық жұмыстарға тартылады немесе 2 жылға бас бостандығынан шектеледі не айырылады. Ал екінші бөлігі 5 тармақтан тұрады.» «Осыларға байланысты 5000 АЕК көлемінде айыппұл салынады, 5 жылға дейін бос бостандығынан айыру көзделген. Үшінші тармақ бірінші және екінші тармақта көрсетілген қылмыстардың нәтижесінде ауыр зардап келетін болса 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.»
Қоғам жаңарып, көзқарас өзгеріп жатқан тұста еркіндікті ескіліктің етегіне орап, адам тағдырын ойыншық ету – өткенге оралу емес, келешекке қауіп төндіру. Қоғам пікіріне құлақ түріп, сауалнама жүргізіп ек, бірі осылай дейді, бірі алып қашу үрдісін құптайтынын айтады.