Digital Kazakhstan стартаперлерге мол мүмкіндік берді. IT ұжымдары өз өнімдерін көптің назарына ұсынып, инвесторлармен байланыс орнатты. Өзара тәжірибе алмасып, тың идеяларды қалыптастырды.


Өзбекстандық «SmartCast» компаниясы жарнама тақталарын жетілдірген. Олар жасаған жоба — қаланың бірнеше нүктесінде орналасқан LED экрандарды орталықтандырып, бір көзден басқаруға мүмкіндік береді. Яғни, кәсіп иесі Ақтауда отырып, Семейдегі, Шымкенттегі жарнама экрандарын басқарып, ондағы видео және фото мәтіндерді реттей алады.


РУСЛАН РАХМАТОВ, «SMARTCAST» КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
– «Он филиалыңыз бар ма, жүз филиалыңыз бар ма — барлығына жеке-жеке барып, уақыт пен энергия жұмсамай-ақ жарнама экрандарын өз телефоныңыз арқылы басқарып отыра аласыз. Бұл жұмыс күшін қысқартып, бизнес иесіне қаржы үнемдеуге мүмкіндік береді.»


IT өнімдерінің көрмесіне мектеп оқушылары мен студенттер де қатысты. Мәселен, көңіл көтеруге арналған бұл роботты 11-сынып оқушылары құрастырған. Темір технологиялар өзара бәсекеге түсіп, допты ұяшықтарға салып жарысады.

«Роботқа жүктелген нақты тапсырма бар. Ол сол алгоритм негізінде жұмыс істейді. Мұны құрастыруға ұзақ уақыт жұмсадық. Бұл — алғашқы жобаларымыздың бірі. Болашақта осы сынды өзге де өнертабыстар жасап, елдің цифрлық дамуына үлес қосуды көздейміз.»


Көрмеде стартаптар мен IT-компаниялардың озық жобалары, робототехника, жасанды интеллектке негізделген дрондар және GameDev бағыттары таныстырылды. Сонымен қатар, жиын аясында білім беру, сараптамалық және байланыс орнату алаңдары жұмыс істеді. Ал елдің түкпір-түкпірінен 3 000 IT маманын қамтыған ең ірі хакатон ұйымдастырылды.