Халықаралық қалдықсыз күн аясында Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қазақстан Республикасында қалдықтарды тұрақты басқаруға көшу және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту маңыздылығын атап өтті.


 Реформаның негізгі элементі ретінде «Жасыл даму» АҚ базасында Ұлттық қалдықтарды басқару орталығын құру жоспарлануда. Жаңа орталық бүкіл жүйенің үйлестірушісі болып, ведомствоаралық өзара іс-қимылды, бірыңғай стандарттарды және ұлттық деңгейде бақылауды қамтамасыз етеді. Негізгі бағыттардың бірі қалдықтардың түзілуінен бастап кәдеге жаратылуына дейінгі барлық кезеңдерде есепке алу мен мониторингтің цифрлық жүйесін енгізу болып табылады. Бұл қалдық ағындарының ашықтығын қамтамасыз етуге, есептіліктің сенімділігін арттыруға және көлеңкелі айналымды азайта отырып мемлекеттік бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді. Тұжырымдама саладағы жинақталған проблемаларды шешуге бағытталған. Олардың қатарында қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу деңгейінің төмендігі, қалдықтарды көму үлесінің басымдығы, инфрақұрылымның жеткіліксіз дамуы, сондай-ақ өндірістік және қауіпті қалдықтардың едәуір көлемінің жинақталуы бар. Реформа аясында сұрыптау және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту, қайталама ресурстар нарығын қалыптастыру, тарихи жинақталған қалдықтар мәселесін шешу және қауіпті әрі медициналық қалдықтарға бақылауды күшейту көзделген. Сонымен қатар, бұрын жүйелі инфрақұрылым болмаған ауылдық елді мекендерде қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметтерін кеңейтуге ерекше назар аударылады.