Процедуралық ем қабылдаймын деп ажал құшты. Шымкентте 2025 жылы егу бөлмелерінде ем қабылдаған 4 азамат бақилық болған. Олар жекеменшік дәріханаларға қарасты егу кабинеттерінде қызмет алған. Бұл туралы медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары БАҚ өкілдерімен өткен брифингте баяндады.


Шымкентте медициналық және фармацевтикалық қызмет саласында заңбұзушылық тыйылмай тұр. Жауаптылар 2025 жылы тұрғындардан 754 арыз шағым түскенін айтады. Құқық қорғау органдарынан келіп түскен әкімшілік материалдар негізінде 331 хаттама толтырылып, айыппұл салынған. Нәтижесінде бюджетке 40 миллион теңгеден аса қаржы түскен.


Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша Департаменті медициналық қызмет көрсету сапасын, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға мемлекеттік бақылау жүргізеді. Осындай тексерулер кезінде бірқатар заңбұзушылық анықталған. Мәселен 2025 жылы 4 бірдей азамат жекеменшік егу бөлмелерінде көз жұмған.


Айта кетейік қазіргі таңда Шымкент қаласында дәрі дәрмек шығарумен, дайындаумен және сатумен айналысатын 789 нысан бар. Оның 589-ы жеке дәріханалар болса 77-і медициналық ұйымдардың дәріханасы. Сондай-ақ 44 препарат сақтайтын қойма бар.