Премьер-министр Олжас Бектенов Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасы аясында Түркістан облысы Сайрам ауданы Ақбұлақ ауылындағы «Ақ-Ата» бұлағын тазарту және абаттандыру іс-шараларына қатысты. Жергілікті тұрғындармен, белсенділермен бірлесіп, бұлақ көзін тазарту, айналасын абаттандыру, ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары жүргізілді. Бұлақтың жалпы ауданы 3,5 гектарды құрайды, аталған бұлақтың тарихы XVII–XVIII ғасырлардан басталады.


 «Мөлдір бұлақ» ауқымды экологиялық акциясы биыл 23 наурызда басталды. Оның аясында бұлақ көзін ашу, су жинау, тазарту және абаттандыру, іргелес аумақтарды тазалау, қоқысты шығару, сондай-ақ халықтың экологиялық мәдениеті мен су ресурстарын тиімді пайдалану жөніндегі сауаттылығын арттыруға бағытталған іс-шаралар жүргізіледі.


 Бүгінде экологиялық іс-шараларға 3,8 мыңнан астам адам тартылған. Оған жастардың қатысуына ерекше мән беріліп отыр. Бұл өз кезегінде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, су ресурстарына ұқыпты қарауға және өскелең ұрпақты табиғат қорғау ісіне кеңінен тартуға ықпал етеді.


ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің деректері бойынша, су ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұлақтар су тапшылығы жағдайында сумен қамтамасыз етудің қосымша көзі ретінде қарастырылады. «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі бұлақтарды түгендеу жұмыстарын жүргізеді: алдын ала деректер бойынша 711 бұлақ көзі анықталды, сондай-ақ мұрағат материалдары бойынша 2772 бұлақ картасы жасалды.