Алдағы екі күнде Шымкент қаласы Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы өтетін және цифрлық күн тәртібі бойынша маңызды мәселелер талқыланатын басты алаңға айналады. Қалада халықаралық кездесулердің тығыз кестесі жоспарланған.


26-27 наурыз күндері сағат 11:00–ден бастап Шымкентте Темірлан тасжолы, Желтоқсан көшесі, Қонаев және Бәйдібек би даңғылдарының бір жағы жабылып, көлік қозғалысы шектеледі. Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысына және «Digital Qazaqstan — 2026» халықаралық форумына Қазақстан, Ресей, Беларусь және Қырғызстан үкімет басшылары, Арменияның вице-премьері, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы қатысады. Сонымен қатар, ЕАЭО жанындағы бақылаушы мемлекеттердің өкілдері де қатысады деп жоспарланып отыр.  Еске салайық, 2026 жылы Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ органдарына төрағалық етеді. Ынтымақтастықтың негізгі бағыты жасанды интеллектіні дамытуға, Еуразияда логистикалық хаб қалыптастыруға, өнеркәсіп пен агроөнеркәсіп кешенін цифрландыруға, сондай-ақ кедергісіз сауданы кеңейтуге бағытталған.