Түркістандықтар Ұлыстың ұлы күнін жоғары деңгейде атап өтті. Мерекелік шара кең көлемде ұйымдастырылып, мәдени бағдарламаға ұштастырылды. Шаһарда заманауи атшабар ашылып, тұрғындар тарихи сәттің куәсі болды.
Мыңдаған көрермен жиналған салтанатты шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты. Аймақ басшысы жұртшылықты әз-Наурыз мерекесімен құттықтап, Наурыздың жаңару мен берекенің бастауы екенін атап өтті. Сонымен қатар, жаңа атшабардың ұлттық спортты дамытудағы маңызын сөз етті.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІ
Түркістан – қазақ мемлекетінің алтын бесігі. Қасиетті өңір еліміздің ұйытқысы болып келеді. Бүгін өздеріңіз куә болып отырғандай, Түркістан төрінде заманауи атшабар ашылды. Енді мұнда түрлі жарыстар ұйымдастырылады.
Атшабар халықаралық талаптарға сай салынған, онда ұлттық спорт түрлерінен республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізуге барлық жағдай қарастырылған. Ашылу күні көкпардан әлем чемпионы анықталып, мерекелік шараның мәні мен қызықтылығын арттырды.
ЕРКІН ҚАДЫРҒАЛИҰЛЫ, «VD STROY-ENGINEERING» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ
Осындай атаулы күнде заманауи атшабар ашылып отыр. Бұл мекеме өңірдің дамуына өзіндік септігін тигізеді деп ойлаймын. Ашылу салтанатына орай біздің мекеменің атынан арнайы трактор сыйға тарту жоспарланды.
Мерекелік бағдарлама аясында театрландырылған қойылымдар көрсетіліп, ұлттық салт-дәстүрлер дәріптелді. Сондай-ақ этно-фешн форматындағы сән көрсетілімі ұйымдастырылып, ұлттық киім үлгілері заманауи стильде таныстырылды. Кешкі гала-концертте танымал әншілер өнер көрсетіп, мерекелік бағдарламаны қорытындылады.