Тірек-қимыл аппаратының бұзылысына шалдыққан бүлдіршіндер оңалту шараларының нәтижесінде аяққа тұрып, тұсаукесер рәсімін өткізді. Жүру қабілеті кешеуілдеген балаларға мамандар арнайы ем-дом тағайындап, сапалы нәтиже көрсетті.


 Балалар ауыруханасында бүгін той мен қуаныш бірдей. Ұзақ мерзімді ем-шаралардан кейін тірек-қимыл аппараты бұзылған үш бүлдіршін неврологиялық дерттен айығып, тәй-тәй басты. 3 жастағы Мансұрға церебралды сал ауыруы диагнозы қойылған. Аяқтағы бұлшық ет тонусы жоғарылап, жүру қабілеті кешеуілдеген. Мамандар жас өренді бір жылдан аса бақылап, оң нәтиже шығарды.


ДИНА ПЕРНЕБАЙ, АНАСЫ
Ең бірінші қадамды бір-екі апта бұрын өздігінен жасады. Бұрын тек жетекпен жүретін. Көзінің қисықтығы да болған. Физикалық іс-қимыл арқылы ол да оңалып жатыр.


Мамандардың айтуынша, тірек-қимыл аппаратының бұзылысы күрделі диагноз болып табылады. Ерекше күтім мен ұзақ мерзімді ем-дом шараларын қажет етеді. Орталықта 2020 жылдан бері 8 бала аяққа тұрып, оң нәтиже шығарған. Бүгін оның қатарына тағы 3 пациент қосылды. Дәрігерлердің пікірінше, оңалту шараларын неғұрлым ерте бастасаңыз, соғұрлым сапалы нәтиже алу мүмкіндігі жоғары.


ЛӘЗЗАТ ҚОШҚАРОВА, «ЕРТЕ АРАЛАСУ ҚАМҚОРЛЫҚ» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ
Жасына дейін, яғни 4–6 айдан бастап, әр 2–3 ай сайын уақытылы ем қабылдаса, сапалы нәтиже шығады. Әр балада әртүрлі әсер байқалады.


 Тұсаукесер рәсіміне кәсіпкерлер демеушілік жасап, бүлдіршіндерге сый-сиапат үлестірді. Ақ бата беріп, сәт-сапар тіледі. Айта кетейік, мұндай диагнозға шалдыққан сәбилерді мемлекет арнайы жолдама арқылы тегін емдейді.