Наурызнама онкүндігі аясында 20 наурыз – Ұлттық спорт күні биыл Түркістан төрінде айрықша ауқымда атап өтілді. Мереке тек салтанатты шаралармен шектелмей, ұлт рухын жаңғыртатын, ата дәстүрді дәріптейтін ірі спорттық жарыстарға ұласты.


Мәселен, бүгін бір мезетте мыңнан астам азамат асық ойнап, ұлттық бірегейлікті танытты. Оқиға ресми рекорд ретінде мойындалды. Шара барысында Қазақстанның «КИнЭС» рекордтар кітабының ресми өкілі Бақытжан Тастүлеков арнайы сертификатты табыстап, тарихи жетістікті растады. Ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған бұл бастама эстафета ретінде Шымкент қаласына жолданды. Айта кетсек, Наурыз мерекесінің қарсаңында пайдалануға берілген заманауи халықаралық атшабар алаңында ұлттық спорттың 10 түрінен беделді жарыстар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, көкпардан Әлем чемпионаты, аударыспақтан «Қазақстан қабыланы» турнирі, дәстүрлі садақ атудан Азия чемпионаты, теңге ілуден Азия кубогы, жамбы атудан республикалық турнир, аламан бәйге, асық атудан Әлем кубогы, «Толағай» алыптар сайысы және қазақ күресінен «Түйе палуандар» бәсекесі өтіп жатыр.