Түркістан қаласында көкпардан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Дүбірлі додаға әлемнің 9 елінен командалар қатысуда. Атап айтқанда, Ауғанстан, Қытай, Мажарстан, Моңғолия, Ресей Федерациясы, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркия және Қазақстан құрамалары жүлде жолында бақ сынауда. Жарыстың алғашқы үш күніндегі нәтиже бойынша алаң иелері алдыңғы сапта келеді.


 Рухани астанадағы жаңа атшабарда басталған дода үш күн бойы тартыс пен бәсекеге толы болуда. Бұған дейін дүниежүзілік дода 2017 жылы Астанада өткен болатын. Араға 9 жыл салып, Түркістандағы жаңа атшабарда көкпардан әлем чемпионатының жалауы қайта желбіреді. Биылғы дода бұрынғыдан өзгерек.


ЖАНЫСБЕК САЕВ, БАС ТӨРЕШІ
Екі топта бірінші және екінші орын алған командалар өзара «айқас» (крест) жүйесі бойынша ойнап, финалға жолдама алады. Бұрынғы жарыстарда команда бір рет жеңілсе, ақтық кезеңге шыға алмайтын. Ал бұл жолы бір рет сүрінген ұжымның финалға шығуына әлі де мүмкіндік бар.


Қазақстан құрамасы алғашқы кездесуінде 8:4 есебімен Тәжікстан құрамасын тізе бүктірсе, екінші күні Қытай құрамасынан басым түсті. Жүлделі орыннан үмітті өзбектер де әлем чемпионатын жеңіспен бастады. Ресей мен Ауғанстан құрамалары да алғашқы кездесулерін сәтті өткізді.


БАХРОМ АЛТАЕВ, САЙЫСҚА ҚАТЫСУШЫ /ӨЗБЕКСТАН/
Қазір Қазақстан құрамасымен ойнаймыз. Нәтижені уақыт көрсетеді. Жігіттеріміз ойынға дайын. Ойыннан кейін жалпы ұпай санын есептейміз. Кімнің қанша ұпай жинағаны соңында белгілі болады. Тағы 4 ұпай жинасақ, Қазақстан мен Өзбекстанға ешкім жете алмайды. Екі елдің де көкпаршылары жоғары деңгейде дайындалған. Тұлпарлардың да бабы керемет.  


Көкпар – географиялық ауқымы кеңейіп келе жатқан спорт түрі. Қазіргі таңда ол әлемнің 10-нан астам мемлекетінде өткізіліп жүр. Ал араға жылдар салып елімізде қайта ұйымдастырылған әлем чемпионатының жалпы жүлде қоры – 30 миллион теңге.