Түркістан облысында жыл басынан бері полицейлер 80-ге жуық құқық бұзушылықты анықтап, заңсыз айналымнан ірі көлемде есірткі тәркілеген. Polisia.kz-тің хабарлауынша, тәртіп сақшылары интернет кеңістігіндегі заңсыз жарнамаларға тосқауыл қойып, профилактикалық жұмыстарды кең ауқымда ұйымдастырған.


 Нәтижесінде 10 қылмыстық, 68 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. 4 есірткі сату, 4 контрабанда дерегі тіркелген. Заңсыз айналымнан 7 келіден аса есірткі тәркіленген, оның басым бөлігі – каннабис өнімдері. Профилактика бағытында 350-ден астам түсіндіру іс-шарасы жүргізіліп, 33 мыңнан астам азамат қамтылған. Интернет кеңістігінде жүргізілген мониторинг нәтижесінде 224 сайт бұғатталып, «Антифрод» жүйесі арқылы 454 күмәнді банк картасы анықталған. Жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында 160 рейд өткізіліп, 235 есірткі жарнамасы жойылған. Сонымен қатар, «Дәрмек» іс-шарасы аясында 2 қылмыстық дерек тіркелген. Есірткі қолданғаны үшін 235 құқық бұзушылық анықталып, тиісті материалдар сотқа жолданды. Қазіргі таңда есірткі қылмыстарымен күресте жасанды интеллект пен заманауи технологиялар кеңінен енгізілуде, – дейді мамандар.