Шымкенттен алғашқы шақырылушы жас сарбаздар әскерге аттанды. Алғашқы топ Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарындағы бөлімшелерін толықтыру үшін жіберілді. Әскери қызметке медициналық тексерістен, жеке сұхбаттан және психологиялық тұрақтылық бойынша сынақтардан сәтті өткен 36 азамат жолға шықты.


Қалыптасқан дәстүрге сәйкес, шақырылушыларды шығарып салу алдында әскерге шақыру комиссиясының отырысы өтті. Жиында жастардың қызметке дайындығы мен психологиялық жай-күйі нақтыланып, оларға Отан қорғаушылардың игі дәстүрлеріне адал болып, әскери борышты абыроймен атқару жөнінде тілек білдірілді. Айта кету керек, комиссия ең алдымен техникалық мамандығы бар, физикалық дайындығы жоғары, денсаулығы жарамды және әскери қызметке ынталы азаматтарды іріктеуге басымдық береді. Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Әбдіғабит Шегебаевтың айтуынша, шақыру науқаны 30 маусымға дейін жалғасады. Осы кезеңде мегаполистен 18–27 жас аралығындағы 1200-ден астам азамат әскерге шақырылады. Шақыру науқанының алғашқы айында ҰҚК Шекара қызметіне шамамен 140 азамат жіберіледі. Сонымен қатар Мемлекеттік күзет қызметіне 20 азамат, ал кейін Қарулы күштердің әскери бөлімдеріне 700-ден астам жас шақырылады. Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігі мен Ұлттық ұлан қатарына да мегаполис жастары жіберіледі.