Абай ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасында жұқпалы аурулардың алдын алу тақырыбында арнайы семинар ұйымдастырылды. Жиында мамандар өңірдегі эпидемиологиялық ахуалды талқылап, бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Тақырыпты тілшіміз сабақтайды.


 Соңғы уақытта туберкулез ауруының көбеюі алаңдаушылық тудырып отыр. Дәрігерлер дерттің алдын алу, ерте анықтау және дер кезінде ем қабылдаудың маңызын ерекше атап өтті. 20 маман 301 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсететін басқармада жұқпалы аурулардың алдын алу, түсіндіру жұмыстары және індет ошақтарында кешенді шаралар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.


 КЛАРА АМАНҚЫЗЫ, АБАЙ АУДАНЫ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Туберкулездің белсенді түрімен ауырған науқастар ауруханаға жатқызылғаннан кейін, ошақта қорытынды камералық залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ санитариялық ағарту шаралары ұйымдастырылып, эпидемиологиялық жағдай тұрақты бақылауға алынады.


Сонымен қатар, мамандар маусымдық кезеңде белең алатын Конго-Қырым қанды қызбасының қаупі жоғары екенін атап өтті. Олардың айтуынша, өңір эндемиялық аймаққа жатады. Аурудың негізгі тасымалдаушысы – кенелер, олар көктем мезгілінде белсенді болады. Сондықтан жылына екі рет жүргізілетін залалсыздандыру жұмыстары мен тұрғындардың сақтық шараларын қатаң сақтауы аса маңызды.


 Семинар барысында медицина қызметкерлеріне нақты ұсыныстар беріліп, халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігі айтылды. Мамандардың пікірінше, әрбір тұрғын өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, алдын алу шараларын сақтаған жағдайда ғана қауіпті аурулардың таралуын тежеуге болады.