15 наурыз күні өткен референдумда отандастарымыз Жаңа Конституцияны қолдап, тарихи таңдау жасады. Реформа мемлекеттің басқару жүйесін күшейтіп, құқықтық жүйені жетілдіруге бағытталған.
Соңғы отыз жылда әлем танымастай өзгеріп, технология мен цифрлық құралдар өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Жаңа Ата Заң әрбір азаматтың құқығы мен бостандығын ең жоғары құндылық ретінде бекітті. Ата-бабамыз аңсаған әділеттілік қағидасы заманауи даму жолымен ұштасып, Әділетті Қазақстанның берік іргетасы қаланды. Әсіресе, ел ертеңіне бейжай қарамайтын қоғам белсенділері бұл жаңашылдықты бірауыздан құптап, мұндай маңызды бетбұрысты батыл қадам деп бағалап отыр.
КӘРІМБЕК ҚҰРМАНӘЛИЕВ, ҚР ҰҒА АКАДЕМИГІ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ МҮШЕСІ
Жаңа Конституцияның преамбуласында білім, ғылым, инновация басым бағыттар ретінде көрсетілген. Бұл бұрын болмаған. Ғылым мен білімді бір арнаға тоғыстырған мемлекет қана қарқынды дамып, әлемдік технологияны меңгереді. Сол себепті Президентіміз бұл бағытқа айрықша көңіл бөлді.