Наурызнама күнтізбесіне сәйкес бүгін – шаңырақ күні. Осы орайда жеке тұрғын үйінің ауласына 12 қанатты киіз үй тігіп қойған шымкенттік тұрғын жайлы айтқымыз келіп отыр. Ою-өрнектердің суреті салынған аулаға кіргеннің жаны демалады. Осы жерге арнайы тапсырыспен тайғазан да алдырған. Негізгі мақсаты сол – қазақтың ұлттық құндылықтарын ұрпақтан-ұрпаққа насихаттау.
Шымкенттік Майра Әбтөреқызы шаңырағын ұлттық өнердің ордасына айналдырған.«Ата заң» көшесіндегі үйдің ауласына Алтыбақан орнатып, Тайғазан қойылған. Қақпадан бастап қоршауға дейін ұлттық өнермен өрнектелген.
ҚАЛДЫКҮЛ ОРМОЛДАЕВА, М.ОРМОЛДАЕВАНЫҢ АНАСЫ
Мына теруді қара теру деп айтады. Таңқыштарға тоқуды екіжүздеме тоқу деп айтады. Алғашқы 8 қанатты киіз үйдің уағында келіп көмектестім. Өзінің ұқыптылығынан осы үйді күтіп ұстап отыр.
12 қанатты киіз үйдің ішінде ауыл тойы жиі өтеді. Осы жерде ғайын-туыс бас қосып, талай баланың тұсауын кескен. Оң босағадағы қыз жасауы, уық пен керегедегі оюлы безендірулер жанға тыныштық сыйлайды.
ЗУЛФИЯ САУҒАНБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Осы жерде ауылымыздың жиындары өтеді. Осындай жағдай жасап қойды. Бұл шынында адамға тыныштық береді. Шілдеде әбден салқын болады.
МҮСІРЕП САУҒАНБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Келгендер қызығады. Көшеде суретке түсіп, мынау бір керемет екен деп отырады.
Киіз үйдің негізгі бөліктері шет елден алдырылған. Оның кейбір көнерген жерлерін ауыл адамдары жаңартып, 5 қабатты киізді өздері басқан. Осылайша ауыл адамдарының білек күшімен біткен іс талай жанның жанына жылулық сылап отыр.
ЛЕЙЛА ЖҰМАБАЙ, М.ОРМОЛДАЕВАНЫҢ ӘРІПТЕСІ
Бұны алып келгеннен кейін біз көнерген жерлерін байқадық. Зәктене бастаған екен. Сосын өзіміз ыстық суын дайындап, білекпен өзіміз басып, осындай дүниені шығардық.
Майра Әбтөреқызының қазақ өнеріне деген қызығушылығы бала кезден басталған. Университет қабырғасында жүргенде ұлттық киім киіп, көпке үлгі бола білген. Оның бойындағы ұлттық өнерге деген қызығушылығын байқаған жан жары да оған қолдау білдірген.
Өнерге әркімнің-ақ бар таласы... десе де шымкенттік Майра Ормолдаева сынды қазақтың ұлттық құндылықтарын насихаттап жүргендер кемде-кем. Қазақтың өнеріне деген жанашырлық тек Наурызда емес, жыл он екі ай жүректе сайрап тұруы керек,-дейді кейіпкеріміз.