Шымкентте жыл он екі ай ұлттық киім киетін мектеп бар. Ондағы оқушылар мен мұғалімдер сабаққа батыстық үлгідегі костюм емес, қазақы ою-өрнек бедерленген күртеше мен жейде киіп келеді. Дәстүрлі құндылықтарға басымдық беретін мекемеде шәкірттер қазақы таным-түсінік негізінде тәрбиеленеді.


 ОЛЖАС СЫРЛЫБАЙ, №135 ЖБМ ОҚУШЫСЫ
– «Қазақша ою-өрнегі бар киім киеміз. Бұл қазақша мектеп болған соң бізге ұнайды.» «Бізге әр сабақта ұлттық құндылықтарды, қазақ ертегілерін, аңыз-әпсаналарын үйретеді.»


 Форманың көкірек тұсына қазақы өрнек бедерленген. Қыз балаларға өңірлік элементтер, ұлдарға жебе мен добыл тәрізді рәсімдер бедерленген. Мектеп дәлізі мен оқу сыныптарынан ұлттық рухтың иісі аңқиды. Ұстаздар шәкірттерге ел тарихын танытып, аңыз-әпсаналарды жаттатады. Жас өрен бойына дәстүрлі құндылықтарды сіңіру үшін түрлі іс-шараларды ұйымдастырып отырады.


БЕРІКБАЙ ЕЛТАЙҰЛЫ, №135 ЖБМ ДИРЕКТОРЫ
– «Аналар мектебі, әкелер мектебі, аталар мектебі, әжелер мектебі, тіпті жас аналар мектебі де жұмыс істейді.» «Атам берген ақ бата, мен әкемнің қолқанатымын деген аталар, әкелер байқауы өтіп тұрады. Әжемнің ертегісі деген, мен анамның көмекшісімін деген түрлі байқаулар өтеді бізде.»


№135 мектепте дәстүрлі іс-шара өтті. «Шаңырақ» күніне орай «Үздік отбасы» байқауы қорытындыланды. Кітап оқитын ұлт байқауына қатысып, үздік танылған оқушылар ата-аналарымен бірге марапатталды. Әкім Ысқақтың өлеңдерін оқу байқауында топ жарған Аңсар Еламанға жап-жаңа велосипед сыйланды.


АҢСАР ЕЛАМАН, №135 ЖБМ ОҚУШЫСЫ
– «Алтыным, өмірді сүй, өзіңе сен. Адамдарды құрметте, қателеспе, түсінетін жандарға қағидамыз ең басты. Осы емес пе?»  «Кітап оқығанның пайдасы ұшан-теңіз.»


Іс-шараға мектеп ұжымы мен «Аманат» партиясының қызметкерлері қатысты. Олар оқушыларға ағалық ақыл айтып, ұлттық құндылықтардың мән-маңызына тоқталды.