16 наурыз – Мәдениет және салт-дәстүр күніне орай Шымкенттік жастар ұлттық құндылықтарды дәріптеді. Олар «Заманауи қоғамдағы дәстүр мен мәдениеттің рөлі» атты тақырыпта интеллектуалдық ойын ұйымдастырды. Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында өткен тартысты ойын барысын тілші әңгімелейді.


Іс-шараға қаладағы 8 жоғары оқу орнынан студенттер қатысты. Іс-шараны оқу орнының тәрбие жұмыстары және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Ербол Сәлім ашып, жиналғандарды мерекемен құттықтады. Өз сөзінде қазақ дәстүрінің мән-мағынасына тоқталды.


ЕРБОЛ СӘЛІМ, ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН МЕДИЦИНА АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ПРОРЕКТОРЫ
 Мысалы, қыз ұзату кезіндегі сыңсу – бұл қыздың елімен, туған жерімен қоштасуы. Ақ матаны да жайдан-жай жаппайды. Яғни қыз өз ғұмырымен қоштасып, жаңа өмірге қадам басады.


Сайыс бірнеше кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде командалар өз топтарын таныстырса, екінші кезеңде қатысушылар мәдениет пен салт-дәстүрге қатысты өлеңдерді мәнерлеп оқыды. Одан кейін «Дода» сұрақ-жауап сайысы өтті. Бұл бөлімде студенттер ұлттық салт-дәстүріміз бен мәдениетімізге байланысты түрлі сұрақтарға жауап берді. Соңында қатысушылар өз өнерлерін ортаға салып, актерлік шеберліктері мен шығармашылық қабілеттерін көрсетті.


 ШҰҒЫЛА ИБРАХИМ, ЖҰМАБЕК ТӘШЕНЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ
Бүгінгі ойын өте тартысты өтеді деп ойлаймын. Себебі бәсекелестік жоғары деңгейде. Ойынның тақырыбы – біздің салт-дәстүріміз. Салт-дәстүр қазақ үшін өте маңызды.


 Нәтижесінде І орынды Жұмабек Тәшенев университетінің студенттері иеленді. ІІ орын Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің командасына бұйырды. Ал жүлделі ІІІ орынды Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының студенттерінен құралған команда иеленді. Сайысқа қатысқан барлық командаларға алғыс хаттар табысталды.