Мегаполисте  сауапты істер жалғасуда. Бүгін қаламыздағы мешіттерде  бір күнде 3 мың  отбасыға азық-түлік себеті  таратылды. Бұл шара Ораза айында үздіксіз жүргізіліп келе жатқан игі істердің бірі.  

Қаланың наиб  имамы Мұхамеджан Естеміровтің  айтуынша, шаһардағы 99 мешіттің барлығында ораза сыйлығы таратылуда. Одан бөлек  «Рамазан шатыры» жайылып, онда күнделікті ауызашар ұйымдастырылуда. Бұл сыйлықтар мешітке түскен қаржы мен жомарт жандардың демеушілігі есебінен жасалған.


 МҰХАМЕДЖАН ЕСТЕМІРОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ НАИБ ИМАМЫ
Мешіт тарапынан арнайы рамазан сыйы атты қайырымдылық жасап жатырмыз. Мақсаты мұқтаж отбасыларға қолдау көрсету. Қаламыздағы барлық мешіттерде осындай іс-шара өтіп жатыр. Игі ісімізге мол сауап жазсын.  

Бір ғана Кенесары хан мешітінде 150 отбасыға азық түлік таратылды.  Сыйлық алушылар мешітке тіркелген көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Қасиетті айда қайырым сезінген мұқтаж жандар ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.  


РАХИЯ МАМБЕТАЛИЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
 Осы ұйымдастырушыларға рахмет. Қаншама халықтың алғысына бөленіп жатыр. Мұқтаж жандардың қажетін өтеп жатқан сіздерге рахмет. Барлықтарыңыздың отбасыларыңызға саулық тілеймін.

Қалада жыл сайын ораза айында  40 мыңға жуық   отбасыға азық-түлік себетін тарату  дәстүрге айналған. Жомарт жандардың қолдауының арқасында игі іс жалғасуда. Биыл да осы бағыттағы қайырымдылық қарқыны бәсеңсімеген.