«Досымды туған күнімен құттықтағым келді»: Шымкентте жігіт қозғалып келе жатқан көліктен салют атқан.


Шымкентте түнгі уақытта Қонаев даңғылында Lexus GS автокөлігінің жолаушысы қозғалыс кезінде көлік терезесінен шығып, отшашу ұйымдастырған. Оның бұл әрекеті жол қозғалысының басқа қатысушыларына қауіп төндіріп, сондай-ақ түнгі уақытта қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың тыныштығын бұзған. Құқық бұзушы полиция қызметкерлерімен анықталып, ұсталды. Жігіт өз әрекетін досын туған күнімен осылайша құттықтағысы келгенін ақтауға тырысқан.


 Оған қатысты ұсақ бұзақылық, пиротехникалық бұйымдарды белгіленбеген орында қолдану, тыныштықты бұзу және жол қозғалысы қағидаларын сақтамау жайттары бойынша хаттамалар толтырылды. Құқық бұзушы әкімшілік қамауға алынды. Полиция қызметкерлері мұндай әрекеттер жолда ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін ескертіп, азаматтарды қоғамдық тәртіп пен заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады.