Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Абай ауданында орналасқан клиникалық балалар ауруханасына барды. Ол медициналық мекеменің материалдық-техникалық базасымен және жаңартылған жабдықтарымен танысты. Жаңа компьютерлік томограф дәл диагноз қоюға және емдеуді дер кезінде тағайындауға мүмкіндік береді.
Аурухана басшылығымен қызмет көрсету сапасын арттыру, бөлімшелердің жұмысын ұйымдастыру және балаларға медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Қала әкімі заманауи технологияларды енгізудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар Н. Назарбаев даңғылынан Бәйдібек би даңғылына өтетін оң жақ өткел бойындағы аумақты абаттандыру барысын тексерді. Мердігерлерге барлық жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтау тапсырылды. Әл-Фараби ауданында «Фосфоршылар» мәдениет сарайының құрылысын аралады. Бұл көпсалалы орталықта тұрғындарға шығармашылық және білім беру кеңістігі — шеберханалар, коворкинг аймақтары, кеңселер, студиялар, конференц-залдар мен форум алаңдары қолжетімді болады. Сонымен қатар онкологиялық орталығы бар көпбейінді ауруханаға барды. Онда бөлімшелердің жұмысы, заманауи медициналық жабдықтар және онкологиялық пациенттерге мамандандырылған көмек көрсету барысы қаралды. Қала әкімі медициналық инфрақұрылымды жүйелі жаңғыртудың маңыздылығын атап өтті. Бұл диагностиканың дәлдігін арттырып, емдеу тиімділігін күшейтіп, қызмет сапасын жақсартады.