Абай ауданына қарасты №46 референдум учаскесінде саяси науқан қарқынды жүріп жатыр. Комиссия төрайымының айтуынша, азаматтардың белсенділігі жоғары. Участкеге тіркелген тұрғындардың 58 пайызы өз таңдауын жасап үлгерген. Соның бірі – қоғамдық кеңес төрағасы Бұхарбай Парманов. Таңнан бері ел ішіне еніп, қоғам тынысымен танысқан азамат халықтың саяси мәдениеті жетіліп келе жатқанын айтады.
БҰХАРБАЙ ПАРМАНОВ, ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ТӨРАҒАСЫ
«Таңертеңнен бері өзім жүрмін, аралап көріп жүрмін. Халықтың көңіл-күйі көтеріңкі, белсенділігі өте жоғары. Қазір автобусқа мінсеңіз де, көшеде жүрсеңіз де таныстардан сұрасаңыз: «– Қайда бара жатырсың? – Референдумға бара жатырмын», – дейді. Халықтың белсенділігі артып отыр, менің соған көзім жетіп отыр.»
Участке төрайымының айтуынша, таңдау жасауға келушілердің қарасы қалың. Комиссия мүшелері оларға бағдар беріп, сүйемелдеп отыр. Ал байқаушылар дауыс берудің әділ, заң талаптарына сай өтуін кірпік қақпай қадағалап жүр.
ҚҰТТЫҚЫЗ АХМЕТОВА, №46 РЕФЕРЕНДУМ УЧАСКЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ
«Міне, осылай келіп-кетіп жатқан дауыс берушілер өте көп. Байқаушылар қадағалап отыр, бәрі әділ өтіп жатыр.»
ҚҰРМАНБЕК БЕЙБІТ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Мен ҚР азаматы ретінде өз таңдауымды жасауға келдім. Мұндағы мақсатым – елдің дамуына үлес қосу.
Айта кетейік, жалпыхалықтық референдумға байланысты Шымкентте 363 дауыс беру учаскесі жасақталған. Мегаполис тұрғындарының 695 мыңнан астамы дауыс беру құқығына ие.