Референдум күніне орай, Шымкентте қоғамдық көліктер тегін қызмет көрсетіп жатыр. Діттеген жеріне кедергісіз жеткен тұрғындар да қуанышты. Халық қала билігіне жауапты күні ыңғайлы жағдай жасағаны үшін алғыстарын білдіруде.
Бүгін демалыс күні болса да қалалдағы қоғамдық көліктерде жолаушы көп. Олар Республикалық референдумға асық. Бірі учаскеге барып жатырса, кейбірі таң сәріден өз таңдауын жасап үлгерген.
Бастама тұрғындардың маңызды саяси науқанға қатысуына қолайлы жағдай жасау мақсатында қолға алынып отыр. «Референдум күні қала тұрғындары мен қонақтарына қызмет көрсету – қуаныш», – дейді жүргізушілер.
Тегін жол жүру барлық автобус бағыттарын қамтиды. Бұл тұрғындардың дауыс беру учаскелеріне кедергісіз жетуіне мүмкіндік береді. Айта кетейік, шаһардағы дауыс беру учаскелері таңғы сағат 07:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді.