Шымкентте Көксай шағынауданын жаңарту тұжырымдамасын жүзеге асыру жалғасуда. Бұл жоба қалалық ортаны жаңартып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Жобаның маңызды кезеңдерінің бірі – тозығы жеткен үйлерде тұратын азаматтарды реновация бағдарламасы аясында жаңа, заманауи әрі жайлы пәтерлерге көшіру. Нұрлыбаев көшесі, 5А мекенжайындағы ескі үйде тұрған тағы сегіз отбасыға жаңа пәтерлердің кілттері табысталды. Кілт табыстау рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.


 Бүгінгі таңда бағдарлама аясында 110 отбасы жаңа баспанамен қамтылды. Оларға Шымкент Сити және Тұран шағынаудандарындағы тұрғын үй кешендерінен пәтерлер берілді. Толықтай әрленген күйде табысталып, қоныстануға дайын. Ал бөлме саны тұрғындардың бұрынғы пәтерлеріндегі бөлме санына сәйкес беріліп, отбасылардың қалыптасқан тұрмыс жағдайларын сақтауға мүмкіндік жасалған.


ҮЛДАНА СЕРАЛИЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Бұрын біз Зелёный балкада, қазіргі 3-Көксайда тұрғанбыз. Үйіміз ескі болған. Реновация бағдарламасы бойынша бізге жаңа үй беріліп жатыр. Осыған көмек қолын созған барлық азаматтарға алғыс айтамын. Үй жақсы жерде орналасқан, бізге ұнап жатыр.


Қала басшысы жаңа қоныс иелерін құттықтап, Көксай аумағын жаңғырту тек тұрғын үй қорын жаңартумен шектелмей, инфрақұрылымды дамыту мен аумақты абаттандыруды да қамтитынын атап өтті. Мегаполис басшысы бұл бағыттағы жұмыс кешенді түрде жүргізіліп жатқанын және тұрғын үй қорын кезең-кезеңімен жаңарту көзделгенін айтты. Сондай-ақ Көксай ауданын жаңғырту аясында инфрақұрылымды дамыту, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру жоспарланып отырғанын жеткізді.


ИРИНА ТАБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Мен Нұрлыбаев көшесінде орналасқан ескі үйде тұрып келдім. Ол үйлердің салынғанына 50 жылдан асқан. Реновация бағдарламасы арқылы бізге жаңа пәтер берілді. Бүгін жаңа үйдің кілтін алып отырмыз. Өте қуаныштымыз. Бұған дейін пәтерлермен таныстырды. Бөлмелері кең әрі жарық. Алғыстан басқа айтарым жоқ.


Айта кету керек, ауданның жаңғырту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Тұжырымдаманы жүзеге асыру нәтижесінде тұрғын үй қоры біртіндеп жаңартылып, қоғамдық кеңістіктер абаттандырылады. Нәтижесінде Шымкент тұрғындары үшін өмір сүруге қолайлы орта қалыптасады.