Шымкенттік тұрғын отбасымен келіп дауыс берді. №135 мектеп базасында орналасқан №335 референдум учаскесіне көптеген азаматтар келіп жатыр. Солардың бірі – Хамра Сейданов ағамыз. Ол бүкіл отбасымен бірге өз таңдауын жасады. Референдум учаскесінің төрағасы белсенді отбасы мүшелеріне сыйлықтар табыс етті.
НҰРЛАН ПАЙЗОВ – ТІЛШІ
Таңғы жетіде еліміздің барлық референдум учаскелерінде мемлекеттік әнұран ойналып, дауыс беру басталды. Шымкенттегі учаскелерде кестеге сай жұмыс басталды. Біз қазір №135 мектеп базасында орналасқан №335 референдум учаскесінде тұрмыз. Мұнда таң азаннан өз құқығын пайдаланып дауыс беріп жатқан азаматтар бар. Солардың бірі – Сейдановтар отбасы. – Ассалаумағалейкум! Қош келдіңіздер. Отбасыңызбен келіп дауыс беріп жатырсыздар. Жалпы отбасыда қанша адам бар және қаншасы дауыс беруге құқылы?
ХАМРА СЕЙДАНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
– Отбасында 7 адамбыз, соның 4-і дауыс беруге құқылы. Таңертеңнен дауыс беруге отбасымызбен келдік. Бұл тек дауыс беру ғана емес, отбасы бірлігін арттырып, жастарға өнеге көрсетіп отырмыз. Мұның барлығы бізге қуанарлық деңгейде әсер етті. Сонымен қатар еліміздің болашағына үлгі ретінде жастарға көрсетіп отырғанымызға қуаныштымыз.
№335 сайлау учаскесінде 2852 азамат тіркелген. Референдум учаскесінің төрағасы дауыс берушілерге барлық жағдай жасалғанын тілге тиек етті. Ерекше күтімді қажет ететін азаматтарға арналған кабина қажетті құрылғылармен толық жабдықталған.
ЖАНСАЯ ЕГЕНБЕРДИЕВА, №335 РЕФЕРЕНДУМ УЧАСКЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ
– Учаскеміз толық заңға сай жабдықталған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да жағдай жасалған. Сағат 7-де ашылды. Мені қуантатыны – халықтың белсенді қатысуы. Өз отбасымен келгендер болды, тіпті кішкентай сәбиімен келгендер де болды. Таңғы 7-де келген сайлаушыларға сыйлықтар үлестірілді. Учаскемізде 2852 адам тіркелген, олардың барлығы кешке дейін келіп өз үлесін қосады деген үміттеміз.
Орталық референдум комиссиясының дерегіне сәйкес, Шымкент қаласында дауыс беру құқығына ие 695 145 адам бар. Ал алғашқы дауыс берушілер саны – 27 510 адам. Қалада 369 референдум комиссиясы жұмыс істейді, оның 6-сы аумақтық. Аумақтық комиссияның 1-і қалалық, 5-і аудандық. Учаскелік референдум комиссияларының саны – 363, оның 24-і жабық учаскелерде. Аумақтық комиссия мүшелерінің саны – 1089 адам.
Референдумға белсенділік танытқандар бюллетеньдерін толтырып, өз таңдауын жасап жатыр. Айта кетейік, №335 референдум учаскесіне алғаш келген азаматтар сыйлық алып қайтқан болатын.