Өзіндік үнімен, суреткерлік қасиетімен танылып, кейін есімі сирек атала бастаған ақындардың бірі – Қосжан Мүсірепов. Ол аз ғана ғұмыр сүрсе де, әдебиетке іргелі шығармаларымен олжа салды. Шайырдың атын өшірмей, шығармашылығын насихаттап жүрген жандардың бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, композитор Әкім Ысқақ. Мегаполисте «Қосжан мен Әкім» атты рухани кеш өтті.
ӘКІМ ЫСҚАҚ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ, ЖАЗУШЫ, КОМПОЗИТОР
«Әр арман асқақ, ерек қой, Адалдық – асыл жолдасың. Адам боп өту керек қой, Адамның ұлы болған соң. Қосжан Мүсірепов бар-жоғы 35 жыл өмір сүріп, аққан жұлдыздай жарқ етіп өтті. Мен 40 жылдан бері Қосжанның өмірі мен шығармашылығын зерттеп келемін. Биыл оның 95 жылдығына орай шығармашылық кеш ұйымдастырып жатырмыз».
Қосжан Мүсірепов 1932 жылы Ордабасы ауданы, Бөржар ауыл округіне қарасты Бірлік бөлімшесінде дүниеге келген. Ауылдағы 7 жылдық мектептен кейін мұғалімдер дайындайтын арнаулы курстың тыңдаушысы болды. Мұғалімдер институтының екі жылдық курсын тәмамдаған соң, 1949 жылы Бірлік бөлімшесінде еңбек жолын бастайды. Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетіне үздіксіз атсалысқан жас қаламгердің жазбалары 1950 жылдан бастап республикалық басылым беттерінде жариялана бастады.
СЫРЫМ ЖҮСІПОВ, ҚОСЖАН МҮСІРЕПОВТІҢ БАУЫРЫ
«Жетісу газетінде, «Социалистік Қазақстан» басылымында қызмет істеді. Өмірінің соңғы кезінде «Мәдениет және тұрмыс» журналында бөлім басшысы болды. 24 жасында КСРО Жазушылар одағының мүшесі атанды».
Ақынның өзі білім алған Бірлік ауылындағы мектепке Қосжан Мүсіреповтің аты берілген. Білім ұясының шәкірттері бүгін де дара тұлғаның шығармаларын оқып, оның есімін ұлықтап келеді.
ЗАРИПА ПЕРНЕШОВА, ҚОСЖАН МҮСІРЕПОВ АТЫНДАҒЫ ЖББМ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Мектебімізде дәстүрлі түрде бірнеше іс-шара өткізіледі. Былтыр облыстық деңгейде шығармашылық кеш ұйымдастырдық. Әкім аға арнайы келіп, қатысып қайтты».
Қаламгердің алғашқы жинағы «Менің қарындасым» деген атпен 1959 жылы жарық көрді. Кейін бірнеше жыр және новеллалар жинағы басылып шықты. Ақынның балаларға арналған шығармалары да әлі де зерттеп, зерделеуді қажет етеді. Қаламгер саналы ғұмырында новелла жанрының дамуына сүбелі үлес қосты. Рухани кешке жиналған зиялы қауым ақын шығармаларының ерекшелігіне тоқталып, оның талантын әңгімеге арқау етті.