Open Turkistan туристік ақпараттық орталығы, SCAT әуе компаниясымен ынтымақтастықты арттырды. Туризм саласындағы стратегиялық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған жол картасына Шымкент қаласының Туризм және креативті индустрия басқармасы да қол қойды. Аталған құжат Қазақстанның оңтүстік өңірінің туристік әлеуетін арттыруға негізделген. Түркістан облысы мен Шымкент қаласын еліміздің және халықаралық туристік нарықтың маңызды бағыттарының бірі ретінде дамытуға бағытталған.


 Жол картасы аясында тараптар туристік ағынды арттыру, жаңа туристік өнімдер мен маршруттарды дамыту, өңірдің тарихи-мәдени мұрасы мен табиғи байлығын кеңінен таныстыру бағытында бірлескен жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.


 Сонымен қатар тараптар ішкі және халықаралық туристік нарықтарда өңірдің туристік мүмкіндіктерін ілгерілету мақсатында кең ауқымды маркетингтік және жарнамалық науқандар ұйымдастыруды көздейді. Бұл бастамалар туристер санын көбейтуге, өңірдің туристік брендін нығайтуға және Қазақстанның туристік картасында Түркістан аймағының орнын айқындауға ықпал етеді.


 Жол картасы аясында авиакомпания SCAT-пен бірлесіп жаңа туристік ағындарды қалыптастыру, қолжетімді әуе қатынасын кеңейту, сондай-ақ өңірге келетін қонақтар үшін қолайлы туристік экожүйе қалыптастыру бағытында жобалар қолға алынбақ.