Шымкент қаласында ардагер шахматшылар арасындағы Қазақстан чемпионаты басталды. Аталған жарыс 50 және 65 жастан асқан спортшылар санатында өтуде. Жарыста елдің ең мықты шахматшыларын анықтап қана қоймай, халықаралық деңгейдегі беделді турнирлерге қатысатын ұлттық құрамалардың құрамын айқындайды.
Чемпионат барысында қатысушылар шахматтың үш түрі бойынша жарысуда. Классикалық шахмат, рапид және блиц бойынша өзара үздіктерді анықтайды. Турнир қорытындысы бойынша үздік ойыншылар Италияда өтетін командалық әлем чемпионатына, Сербияда өтетін жеке әлем чемпионатына және Азия чемпионатына қатысу мүмкіндігіне ие болады.
НҰРМАН ҚОНЫСБЕКОВ, АРДАГЕР
Ашылу салтанаты өтті. Енді осы турнирді 9 күнде бір-бір турдан бәріміз аман есен өткізіп алайық. Бәріңізге денсаулық сәттілік тілеймін.
Жарыс форматына сәйкес, 50 жастан асқан әйелдер арасында турнир 7 турдан тұратын швейцариялық жүйе бойынша өтеді. 65 жастан асқан әйелдер арасында 8 турлық айналмалы жүйе қолданылса, ерлер арасындағы екі жас санатында да 9 турдан тұратын швейцариялық жүйе пайдаланылады.
МАҚСАТ ОРЫНБАЕВ, ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
Шымкент қаласының спорт басқармасы осы турнирді ұйымдастыруға ықпалын тигізіп отыр. Мақсат ардагерлер арасында шахмат спортын дамыту.
Биылғы чемпионатқа еліміздің әр өңірінен келген 97 спортшы қатысуда. Олардың қатарында 50 жастан асқан әйелдер санатында 13 қатысушы, 65 жастан асқан әйелдер санатында 9 қатысушы бар. Ал ерлер арасында 50 жастан асқан спортшылар санатында 34 шахматшы, 65 жастан асқан спортшылар санатында 41 қатысушы өнер көрсетуде.