Қызылша – ауа-тамшы жолымен тез таралатын, аса жұқпалы вирустық ауру. Ол жөтелу, түшкіру, тіпті науқас адаммен бір бөлмеде болу арқылы да жұғады. Аурудың қазір өршіп тұрған кезеңі. Сондықтан мамандар сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырып отыр.
Қызылша жеңіл өтетін дерт емес. Ол өкпе қабынуы, құлақ қабынуы, тіпті миға зақым келтіруі мүмкін. Мамандардың айтуынша, қызылшадан қорғанудың ең тиімді жолы – вакцинация. Әлсіз адамдар үшін қауіпті. Сондықтан бұл аурудың алдын алу – аса маңызды.
Вакцина ағзада қорғаныш иммунитет қалыптастырып, ауру жұққан жағдайда оның ауыр өтуінің алдын алады. Кейбір жағдайда екпеден кейін аздап қызу көтерілуі мүмкін, бұл – қалыпты иммундық жауап.
Қызылша – алдын алуға болатын ауру. Уақтылы екпе алып, қарапайым сақтық ережелерін сақтау арқылы өзімізді де, жақындарымызды да қорғай аламыз. Денсаулық – әрқайсымыздың жауапкершілігіміз.