Шымкентте наурыз мейрамын тойлауға 314 млн теңге бөлінді. Ал ертеңнен бастап «Digital Nauryz» бірыңғай цифрлық платформасы іске қосылады. Жаңа қосымша арқылы тұрғындар шаһарда өтетін мерекелік шаралардың толық тізімімен таныса алады. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек бүгінгі өткен брифинг барысында мәлімдеді.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Биыл шаһарда Наурыз мерекесі кең көлемде атап өтіледі. Мерекелік шара барысында қала алаңдарында елімізге танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады. Ерекше форматтағы кешті жасанды интеллект негізінде әзірленген жүргізуші тізгіндейді. Сондай-ақ, қалада «Дастархан» гастрономиялық фестивалі өтеді. Жиында ұлттық тағамдар жәрмеңкесі ұйымдастырылып, танымал аспаздар өз шеберліктерін көрсетпек.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, РЕМИ ӨКІЛ
Шымкентте төрт күн қатарынан қала алаңдарында үлкен іс-шаралар ұйымдастырылмақ.Концерттік іс-шарадан бөлек, роботехника көрмесі, ұлттық киім киген роботтар, ұлттық ойындарды виртуалды нұсқада насихаттайтын ойындар алаңшалары, цифрлы киіз үй жасақталады.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Қалада қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар да жүйелі түрде жалғасып келеді. Осыған байланысты №42 және №70 бағыттар жаңа, заманауи автобустармен толықтырылды. Қоғамдық көліктер жалпы 85 жолаушыны тасымалдауға арналған. Автобустардың салоны қуатты желдету жүйесімен және алты бейнебақылау камерасымен жабдықталған. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кедергісіз қатынауы үшін арнайы пандустар қарастырылған.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, РЕСМИ ӨКІЛ
Шымкентте жолаушыларға қолайлы қызмет көрсету бағытында жұмыстар атқарылып келеді. Қазіргі таңда №42 және №70 бағыттар бойынша жаңа автобустар шығарылды.Мұндай қоғамдық көліктің жалпы саны 30-ды құрайды.Жаңа автоубстар толық халықаралық талапқа сай жабдықталған.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Брифинг барысында мектеп асханаларындағы заңбұзушылық мәселесі де қозғалды. Қазіргі таңда қала бойынша 98 мектеп заманауи аппараттық-бағдарламалық кешенмен жабдықталғанымен, 56 білім ошағында бұл жұмыстар толық іске аспаған. Кәсіпкерлер талапқа сай кешендердің орнына ең арзан пластикалық карталармен жұмыс істейтін терминалдарды қолданған. Кейін тамақтанбаған балалардың есебінен жалған транзакциялар жасап, мемлекеттік бағдарламаны бұрмалаған.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, РЕСМИ ӨКІЛ
Шымкентте тоқсан сегіз мектептегі аппараттық бағдарламалық кешен биометриялық терминал арқылы жұмыс істейді.Алайда, бұл аппаратты 56 мектепке орнату мүмкін болмады.Келісімшарт бойынша оны ыстық тамақпен қамтамасыз еткен кәсіпкерлер қоюы керек.Ал олар ең арзан, төменгі деңгейдегі пластикалық картаны қолданатын жүйені орнатты.Бұл картаны кез-келген адам қолдана алады.Сол себепті мұндай бассыздықтар орын алып отыр.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Жиын сұрақ-жауап форматында жалғасты. Журналистер толғандырған сауалдарын жолдап, өзара пікір алмасты.