Жаңа Конституцияны талқылау жұмыстары мегаполисте қызу жүріп жатыр. Референдум күні жақындаған сайын маңызды құжатты ұғынуға деген мегаполис тұрғындарының ықыласы ерекше. Бұл жолы Абай ауданы, Нұршуақ шағынауданында жергілікті тұрғындармен кездесу өтіп, жаңа Конституция жобасы жан-жақты түсіндірілді.
Жиында Ата Заң халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты екендігі айтылды. Азаматтардың өмір сүру деңгейін жақсартуға, әлеуметтік теңсіздікті төмендетуге және қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал ететіні кеңінен түсіндірілді. Мемлекет азаматтардың еңбек етуіне, білім алуына, денсаулығын қорғауына және әлеуметтік қамсыздандырылуына қажетті жағдайлар жасауға міндетті.
БАТЫРБЕК ЖАЛМҰРЗАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Дамыған елдердің арасында өмір сүріп жатырмыз. Осы елдің тірегі – осы елдің азаматтары. Көп жаңалықтар енгізіліп жатыр. Бұрын сол заманның жағдайына қарай жазылған Конституция болса, қазір заман көшінен қалмайтындай жазылған. Оны халық қолдап отыр».
Қатысушылардың пікірінше, жаңа Конституция саяси, құқықтық және қоғамдық дамудың жаңа бағыттарын айқындап отыр. Жаңа Конституция елдің тұрақты, қауіпсіз және орнықты дамуына берік құқықтық негіз қалыптастырады. Жоба қоғам мүддесін толық қамту үшін барлық азаматтар талқылау процесіне белсенді қатысуда. Кездесу барысында Конституциялық өзгерістердің негізгі бағыттары, олардың мемлекет пен қоғамның одан әрі дамуына әсері әңгімеге арқау болды.
ОРЫНША ТӘЖІБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
«Қазіргі замандағы Конституцияға қазақ дәстүрін дәріптеу, тілін құрметтеу, ата-ананы сыйлау деген тараулардың қосылғанына ризамын. Бұл референдумға белсене қатысып, өз таңдауымызды жасаймыз».
Жиында этносаясаттың басым тұстары сөз болып, қоғамдық келісімді нығайту – әрбір азаматқа жүктелген жауапкершілік екені түсіндірілді. Топ мүшелері 15 наурызға межеленген республикалық референдумға барып, таңдау жасау әрбір қала тұрғынының негізгі міндеттерінің бірі екенін атап өтті.