Жаңалықты көбіне әлеуметтік желіден алып, қысқа бейнероликтерге бейімделген жастың танымы тереңдей бермейді. Сондықтан өскелең ұрпақты тағылымды кітап оқуға баулу – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында елімізде «Кітап оқитын ұлт» жобасы жүзеге асуда. Бұл жолғы танымдық кездесу мемлекеттік қызметкерлер арасында өтті.
Жоба еліміздің зияткерлік даму стратегиясының бір бөлігі саналатын мемлекет басшысының «Кітап оқитын ұлт» тұжырымдамасы аясында іске асырылуда. Бастаманың негізгі мақсаты – қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастырып, ұлттық рухани құндылықтарды нығайту.
ДӘУЛЕТ ҚОЖАНБЕКОВ, «КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ» ЖОБАСЫНЫҢ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ӨКІЛІ
«Кітап оқитын ұлт» жобасы қазір алты бағыт бойынша жүзеге асырылып жатыр. Олар: «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын қызметкер», «Кітап оқитын отбасы» және «Кітап оқитын әулет». Әр санат бойынша сарапшылар бекіткен 15 кітап бар. Қатысушылар сол кітаптарды оқып, оны растау үшін арнайы сайтқа пікір қалдырады.
Мемлекеттік қызметкерлер «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында «Біз оқыған кітап» тақырыбындағы әдеби-шығармашылық кездесуге жиналды. Олар қазақтың даңқты қолбасшысы, жазушы Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабын оқып шыққан. Кездесуде қатысушылар шығармадан алған әсерлерімен бөлісіп, ондағы рухани құндылықтар жайында пікір алмасты.
СЫРЫМ ЖОРАБЕКОВ, ҚАРАТАУ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
Өзімнің соңғы оқыған кітабым – Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасы. Оны өз тобымыздың арасында кеңінен талқыладық. Кітаптың берері өте мол. Автордың өмірі мен ойларынан көп нәрсе ұғынуға болады. Ол – еліміздің патриоты, ұлтымыздың мақтанышы.
ЖАНСАЯ САҚТАҒАН, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
«Кітап оқитын ұлт» жобасын біз, әсіресе, жастар үнемі қолдауымыз керек. Заман талабы – үнемі оқып, білім алып, дамып отыру. Жоба барысында «Ұшқан ұя» кітабын оқыдым. Ондағы ойлар мен тұжырымдарды өзіме түртіп алып, өмірімде қолданам деп ойлаймын. Себебі батырдың еңбегінде отбасы құндылықтары өте әсерлі баяндалған.
Байқау ережесіне сәйкес, «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» санаты бойынша арнайы сарапшылар бекіткен 15 кітапты оқу қажет. Жеңімпаздарға қаржылай сыйлық та қарастырылған. Бірінші орын – 1 миллион теңге, екінші орын – 600 мың теңге, үшінші орын – 400 мың теңге. Жоба 2025 жылдың қыркүйегінде басталып, Қостанай және Қарағанды облыстары мен Шымкент қаласында пилоттық жоба ретінде жүзеге асуда. Шымкентте жобаны «Кітап оқитын ұлт» қоғамдық қоры ұйымдастырып отыр. Бастамаға қала әкімдігі мен «Аманат» партиясы қолдау білдірсе, демеушілік жасаған – «Азия Сервис» компаниясы.