Білім алуда кедергі болмауы тиіс. Әсіресе, ерекше білім беруді қажет ететін жандар үшін заманауи технологиялар жаңа мүмкіндіктерге жол ашып келеді. Соның бірі –«Smart AI» жобасы. Аталған платформа арқылы балалар таным көкжиегін кеңейтіп, оқу процесін барынша жеңілдете алады.


 Нұрай Смағұлова – Алматы сервис және технологиялар колледжінің оқытушысы. Оның жасанды интеллект саласындағы жаңа жобасы республикалық байқауда 3-орынды иеленіп, үздік стартаптар қатарынан көрінді. Бұл жүйе – ерекше жандардың білім алуына бейімделген бірегей кешен. Платформа күрделі оқу бағдарламаларын әр студенттің қабылдау қабілетіне қарай бейімдеп, цифрлық кедергілерді жоюға мүмкіндік береді.


 НҰРАЙ СМАҒҰЛОВА, АЛМАТЫ СЕРВИС ЖӘНЕ ТЕХНОЛОГИЯЛАР КОЛЛЕДЖІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ
Бұл жоба көзі әлсіз көретін балаларға арналған.Яғни жасанды интеллект қаріптерді үлкейте алады, қолданушының сұранысына сай материалды адаптациялайды.

Платформа дизайны баланың ерекшелігін ескере отырып жасалған. Ондағы әрбір элемент, қаріп өлшемі мен түстер үйлесімі оқу процесін ыңғайлы етуге бағытталған.


НҰРАЙ СМАҒҰЛОВА, АЛМАТЫ СЕРВИС ЖӘНЕ ТЕХНОЛОГИЯЛАР КОЛЛЕДЖІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ
 Қазір жасанды интеллект арқылы ымды түсіндіру танымал болып келеді.Құлағы әлсіз еститін қолданушылар үшін сайтта арнайы ым арқылы түсіндіру жүйесі қарастырылған.


 Нұрай алдағы уақытта жобаны ауқымды деңгейде жүзеге асырып, еліміздегі арнайы оқу орындарына енгізуді жоспарлап отыр.Платформа үйде білім алатын балаларға таптырмас құрал.