8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай Түркістан қалалық мәдениет үйінде тағылымды мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Мерекелік кешке қаладағы ардагер аналар арнайы шақырылып, оларға ерекше құрмет көрсетілді.


Іс-шараның басты мақсаты – қоғамда аналардың мәртебесін арттыру, көпті көрген, елдің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан ардагер аналардың еңбегін дәріптеу және жас ұрпаққа үлгі ету. Салтанатты жиын барысында ардақты аналарға алғыс айтылып, олардың өмір жолы мен еңбегі ерекше ілтипатпен аталып өтті.


Мерекелік кеште ардагер аналарға арнайы марапаттар табысталып, гүл шоқтары ұсынылды. Сондай-ақ мәдениет үйінің өнерпаздары әсем әндер шырқап, көңілді би билеп, жиналған көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады. Ән мен жырға, жылы лебіздерге толы кеш аналарға деген құрмет пен ризашылықтың айқын көрінісіне айналды.


Кеш барысында аналар өздерінің жүрекжарды тілектерін айтып, ел бірлігі мен ұрпақ амандығын тіледі. Мұндай тағылымды кездесулер ұрпақ сабақтастығын нығайтып, аналарға деген құрметтің әрдайым жоғары екенін тағы бір мәрте көрсетті. Мерекелік шара соңында қонақтар бір-біріне ақ тілектерін арнап, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.