Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «China Construction Sixth Engineering Bureau» компаниясының өкілдерімен кездесті. Жиында туризм саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланды. Өңір басшысы Түркістан облысының туристік әлеуетін таныстырып, тиімді жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.


Кездесу барысында Қытай мемлекеттік инженерлік-құрылыс корпорациясы филиалының бас директоры Хань Мяобин компанияның қызметін таныстырып, туризм саласындағы жобаларды жүзеге асыруға қатысты ұсыныстарын айтты. «China Construction Sixth Engineering Bureau» – Қытайдағы ірі құрылыс холдингтерінің бірі әрі әлемдегі жетекші мердігер ұйымдардың қатарында. Компания Fortune Global 500 рейтингіне енген. 1953 жылы құрылған компания инфрақұрылымдық, өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс салаларында ірі жобаларды жүзеге асырып келеді. Сонымен қатар автожолдар, көпірлер, теміржол желілері, әуежайлар, энергетикалық және қалалық инфрақұрылым нысандарының құрылысын жүргізеді.