2025 жылдың 24 мамырынан бастап тұрғын үй саясатына енгізілген реформаларға сәйкес, тұрғын үй кезегі «Отбасы банк» акционерлік қоғамына өткізілді.


Енді тұрғын үйге қатысты мәселелер мен өтініштер «Отбасы банк» арқылы реттеледі. Жаңа талапқа сәйкес, кезекте тұрған әрбір азамат «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» ақпараттық жүйесіндегі жеке кабинетіне кіріп, деректерін өңдеуге келісім беруі тиіс.


 Облыс бойынша түгендеуден өтуі қажет 69 119 азаматтың 33 028-і рәсімделген. Арыс қаласы мен Төлеби, Ордабасы, Отырар аудандарында бұл көрсеткіш төмен деңгейде қалып отыр. Соңғы айда Арыс қаласында – 195, Ордабасы ауданында – 188, Созақ ауданында – 54 азамат түгендеуден өткен. Облыс әкімі аталған кемшіліктерді жедел жоюды тапсырды.


ТОҚТАР УСУБАЛИЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Ағымдағы жағдайға Түркістан облысында 113 536 азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Бұл республика бойынша кезекте тұрғандардың 11,1 пайызын құрайды. Кезекте тұрғандардың басым бөлігі Түркістан қаласы, Сарыағаш және Төлеби аудандарына тиесілі. Кезек реттілігінде көпбалалы отбасылар (31 830 азамат немесе 28%) және І, ІІ топ мүгедектігі бар адамдардың (8 030 азамат немесе 7,1%) үлесі жоғары.


 Сонымен қатар облыста 1 953 отбасы жалдау ақысын субсидиялау шарасымен қамтылған. 2026 жылға бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 500 млн теңге қаралған. 2023–2025 жылдары жүргізілген мониторинг нәтижесінде 6 041 азаматтың өтінімі заңбұзушылықтарға байланысты тоқтатылды.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Арендалық тұрғын үйдің және жеке тұрғын үй қорынан жалға алу арқылы субсидия алатын азаматтар үшін ай сайын тұрақты түрде мониторинг шараларын жүргізуді тапсырамын. Кемшіліктер анықталған жағдайда мақсатсыз игерілген қаржыларды қайтару бойынша нақты шаралар қабылдануы қажет. Құрылысы аяқталған тұрғын үйлерді «Отбасы банкке» өткізу тәртібін ретке келтіру үшін арнайы алгоритм әзірлеу қажет. Тұрғын үй кезегіндегі азаматтар түгендеуден өту үшін келісім беру тәртібін оңтайландыру қажет.


 Тұрғын үйге мұқтаж азаматтар orken.otbasybank порталы арқылы онлайн форматта өтініш бере алады. Тұрғын үйге мұқтаж жан ретінде есепке тұру үшін соңғы 5 жыл ішінде меншік құқығында тұрғын үйі болмауы тиіс. Бірінші кезекте жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көпбалалы отбасыларға, мүгедек балалары бар отбасыларға және өзге де санаттарға басымдық беріледі.