Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияны қабылдау мәселесі бойынша республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Құжатта референдум өтетін күн 2026 жылғы 15 наурыз деп белгіленген. Ел болашағын айқындайтын шараға барлық аймақта қызу дайындық жүргізілуде. Мегаполисте де референдум учаскелері маңызды күнге сақадай сай.

 Шымкентте 369 референдум комиссиясы жасақталған. Оның 6-сы аумақтық комиссия. Барлығы тіркеуден өтіп, өз жұмысына кірісуге дайын, – дейді аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Қайырбек Құнанбаев. Мегаполисте дауыс беру құқығына ие 700 мыңға жуық азамат бар.

ҚАЙЫРБЕК ҚҰНАНБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ АУМАҚТЫҚ РЕФЕРЕНДУМ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
 – Барлық сайлау учаскелері толығымен дайын. Кабиналар, ақпараттық мәліметтер, төлқұжаттар дайын. Сонымен бірге ерекше азаматтар бар: оларға арнайы жолақтар, пандустар және арнайы бұрыштар жасалған. Құлаққаптар мен аудиожазбалар болады.

 Дауыс берушілер дәл сол күні тұрақты тіркелген жерінде болмаған жағдайда, референдумға дейін өз учаскесінен жалпы есептен шығару куәлігін алуы керек. Бұл құжат өзге жерде дауыс беруге мүмкіндік береді. Ол азаматтардың дауыс беру құқығын жүзеге асыруы үшін қолданылады.

 НАЗИРА АНАРТАЕВА, №142 РЕФЕРЕНДУМ УЧАСКЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ
– Жалпы есептен шығару куәлігі белгілі себептермен басқа қалаға немесе басқа облысқа көшкен, мекенжайын ауыстырған адамдарға беріледі. Бүгінгі таңға дейін біздің учаскеден есептен шығару куәлігін ешкім алған жоқ. Бізге өтінішпен келеді, біз есептен шығару куәлігін береміз.

 Айтқандай, Шымкентте 24 жабық мекеме бар. Ол жақта да референдум учаскелері жасақталған. Дауыс берушілерге барлық жағдай жасалған.