Жаңа Конституция елдің тұрақты, қауіпсіз және орнықты дамуына берік құқықтық негіз қалыптастырады. Жоба қоғам мүддесін толық қамтуы үшін барлық азаматтар талқылау процесіне белсенді қатысуда. Бұл жолы Әл-Фараби ауданы тұрғындары жаңа Ата Заңды талқылады.

Жиында мемлекет басшысы бастамасымен еліміз жаңа тарихи кезеңге қадам басқаны айтылды. Қатысушылардың пікірінше, жаңа Конституция саяси, құқықтық және қоғамдық дамудың жаңа бағыттарын айқындап отыр. Кездесу барысында Конституциялық өзгерістердің негізгі бағыттары, олардың мемлекет пен қоғамның одан әрі дамуына әсері әңгімеге арқау болды. Сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру мәселелері кеңінен түсіндірілді.

БАТЫРБЕК ЖАЛМҰРЗАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
 – «Адамның құқығы мен бостандығы – басты құндылық. Басты құндылықтардың қатарында біздің егемендігіміз бен тәуелсіздігіміз бар. Қандай заң қабылданса да, адамның өмірі жоғары тұруы керек.»